“Шағын көлік мінеміз”. Сарапшылар бензин қымбатшылығы автонарыққа қалай әсер ететінін айтты

Қазақстан үкіметі бензин мен сұйытылған газ бағасын реттеуден бас тартатынын айтты. Бұл автонарыққа қалай әсер етеді? Осы ретте JETEK редакциясы сарапшылардың пікірін білді.
Сарапшы Абзал Дәулетов үкімет ішкі нарықты қорғау үшін осындай қадамға барғанын жеткізді.
«Бүгінде мемлекет қаржысы есебінен бензин мен сұйытылған газдың бағасы бірқалыпты тұр. Басқа елдермен салыстырсақ, Қазақстанда жанармай бағасы төмен. Оның қызығын шетелдік автокөліктер көріп жүр. Олар отандық арзан жанармайды алып, өз елінде сатып, бизнес жасап жүр…», — деді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, осы жағдайдан соң үкімет жанар-жағармай бағасын реттеуден бас тартуға мәжбүр болған.
«Әрине, басында жанармайдың қымбаттауы жүргізушілерге ауыр тиеді. Алайда мұның да плюс жағы бар деп ойлаймын. Өйткені, электр және гибрид көліктерге сұраныс артуы мүмкін. Жанармай бағасының өсуіне байланысты адамдар гибрид және тоқпен жүретін көліктерге отыруы ықтимал деп ойлаймын. Біз мұны Ресейдегі жағдайдан байқап отырмыз. Өйткені, 2024 жылы Ресейде сатылған автокөліктердің 8%-ы – гибрид және электр автомобильдер», — деді Абзал Дәулетов.
Сарапшының пікірінше, жағармайдың қымбаттауы көлік алғысы келетін қазақстандықтардың санына әсерін тигізбейді.
«Қазақстанда жыл сайын шамамен 200-300 автокөлік сатылады. Менің ойымша, қатты өзгеріс болмайды. Алайда бензин мен сұйытылған газ бағасының өсуі жолақысы, такси және көптеген салада қызмет көрсету құнының қымбаттауына алып келеді», — деді ол.
AutoCheck компаниясының жетекшісі Әлішер Аярбеков бұл жағдай отандық автонарыққа кері әсерін тигізетінін атап өтті.
Себебі, қозғалтқыш көлемі жоғары көліктерді бір жағынан салық, екінші жағынан жанармайдың қымбаттауы қыспаққа алып жатыр. Менің ойымша, қазақстандықтар қозғалтқыш көлемі шағын автомобильдерге отыруға мәжбүр болады, — деді сарапшы.
Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарян да бензиннің қымбаттауы жаңа автокөліктердің сатылымына әсерін тигізбейді, деген ұстанымда.
«Біріншіден, бензин мен сұйытылған газдың бағасы біртіндеп көтеріледі. Екіншіден, Қазақстанда жанармай құны айтарлықтай өссе де, ол Орталық Азиядағы және әлемдегі ең төмен бағаның бірі болып қалады. Сондай-ақ адам жаңа көлікті сатып алу туралы шешім қабылдаған кезде жанармайшэ шығыны маңызды рөл атқармайтынын ескеру керек.
Сұйытылған газ бағасына тоқталайын. Оныңжоғары болуы көлікке газ баллоны құрылғысын орнатуды азайтуы мүмкін. Сондай-ақ 15 жылдан асқан қозғалтқыш көлемі жоғары көліктерге сұраныс одан сайын төмендейді. Бірқатар техникалық факторға байланысты мұндай көліктерді күтіп-ұстау шығыны жанармайдың қымбаттауына қарамастан жыл сайын өсе береді», — деді ол.
Сарапшыға «Соңғы жағдайға байланысты гибрид көліктердің бағасы өсе ме?» деген сұрақ қойдық.
«Жоқ, гибрид және электр көліктер іштен жану қозғалтқышы орнатылған автомобильдермен салыстырғанда оларды сатып алу әлдеқайда қымбат (1,5-2 есе). Мысалы, еуропалықтар шағын көліктерді (қозғалтқыш көлемі шағын) сатып алады. Неге? Бұл бізбен салыстырғанда олардың ақшаны аз табады дегенді білдірмейді. Тек еуропалықтар шығынға келгенде рационалды ойлай біледі. Мысалы, Focus2Move агенттігінің дерегіне сүйенейін. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Еуропада Dacia Sandero (274 702 көлік, өсім — 12,2%), Renault Clio (273 354 көлік, өсім – 4%), Volkswagen Golf (230 605 көлік, өсім – 14,7%) көп сатылған. Былтыр қазақстардықтар көбінесе Chevrolet Cobalt (26 537 көлік), Hyundai Tucson (22 389 көлік) және Kia Sportage (8 834 көлік) сатып алған. Осыдан қорытындыны өзіңіз шығарыңыз», — деді Артур Мискарян.