Trade-In

Автокредит: ең тиімді шарттарды қай банктер ұсынып отыр?

Бүгінде көпшілік автокөлікті кредитке сатып алады, бұл орайда әр банкте қарыз алу шарттары әрқилы. Қазақстандағы банктердің не ұсынатынын қарастырайық.

Автокредитті Қазақстандағы екінші деңгейлі 21 банктің 10-ы ұсынады. Өнімдері азаматтардың көпшілігіне қолжетімді үздік 10 кредит беруші банктің 7-еуі автокредит ұсынады.

Әуелі мөлшерлемеден бастайық. Бұл тұрғыда айта кетерлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен автокредит бойынша максималды мөлшерлеменің жылдық шегі 35%-дан (СЖТМ) аспауға тиіс. Біз банктерді дәл осы максималды СЖТМ бойынша талдаймыз, себебі минималды мөлшерлеме бірқатар жағдайларда қолжетімді, ал тұтынушыларға әдетте жоғарғы шек маңызды.

Сегментте ең төменгі максималды сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін (СЖТМ) ForteBank ұсынады: 25,3%-ға дейін. Банк беретін автокредит арқылы жаңа автомобиль де, қолданылған автомобиль де сатып алуға болады, ең бастысы, темір тұлпардың шыққан жылы 8 жылдан аспауы керек.

Келесі орынға Банк ЦентрКредит пен Freedom Bank жайғасты: қос қаржы институтында максималды СЖТМ 25,6%-ды құрайды. Банк ЦентрКредитте мұндай мөлшерлеме тек жаңа автомобильге қолданылады, ал қолданылған автомобиль үшін максималды СЖТМ бірден 32,24%-ға дейін көтеріледі. Тағы бір айта кетерлігі, бұл банкте максималды СЖТМ 22,4%-ды құрайтын автокредит өнімі бар, бірақ ол тек Skoda автомобиліне ғана қолданылады, ал бұл марка Қазақстанда аса жоғары сұранысқа ие емес.

Halyk Bank-те жаңа автомобильге берілетін қарыздар бойынша максималды СЖТМ 28,3%-ды, қолданылған автомобиль үшін 30,1%-ды құрайды. Ал Bereke Bank пен Еуразиялық Банк максималды СЖТМ ретінде реттеуші рұқсат еткен шекті шама — 35%-ды көрсетеді. Аталған екі банк те жаңа және қолданылған автомобиль сатып алуға кредит береді.

Демек, ЕДБ сайттарында берілген ақпаратқа сүйенсек, бүгінде автокредит мөлшерлемелері бойынша ең тиімді шарттарды ForteBank ұсынып отыр.

Автокредитті ресімдеуге болатын ең ұзақ мерзім — 7 жыл, қарастырылып отырған Қазақстандағы 7 екінші деңгейлі банктің алтауы осындай мерзімді ұсынады. Максималды сома 18 миллионнан 50 млн теңгеге дейін. Толығырақ өнім картасынан көре аласыз.

дереккөз: ranking.kz

Мәселен, биыл ақпан айының басында Қазақстанда 5,1 млн жеңіл автомобиль тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 7,6% көп. Еліміздегі жеңіл автомобильдердің үштен екісінің шыққан жылы 10 жылдан асып кеткен. Оның 1,2 миллионы 10 жылдан 20 жылға дейін, ал 2,2 миллионы 20 жылдан астам қолданылып келе жатқан автомобильдер.

Басқа материалдар

Back to top button