Trade-In

Автонесие: қай банктің шарттары тиімді?

Отандық автонарық соңғы жылдары түбегейлі өзгерді. Әсіресе, соңғы онжылдық бедерінде қатты тозып кеткен автопарк аздап жаңара бастады. Бұған бірінші кезекте қытай брендтерінің келуі себеп болды. Екі жылд бұрын көпшілік 4 пайыздық автонесиеге таласып, қызылкеңірдек болып отырса, қазір екінің бірі оп-оңай автонесие рәсімдей бастады. Әлбетте, көпшілік қытай автомобильдерін тақымға басып жатыр. Бағасы да қолжетімді, пайыздық мөлшерлемесі де төмен.

2023 жылы елімізде 134 мыңнан астам жеңіл автомобиль құрастырылыпты. Алайда 2024 жылы көрсеткіш біршама төмендеген. Бірақ бұл уақытша құбылыс секілді. Өйткені еліміздің бірнеше өңірінде корей, қытай брендтерінің зауытын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Айналасы бірер жылда өндіріс қайта өркен жайып, нарыққа су жаңа көліктер қайтадан қаптап келе бастайды. Бұл әрине, айлық табысы жоғары емес халықтың еншісіндегі автонесие үлесін тағы да арттыра түспек.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, 2024 жылы автосалондардың маркетинг кампаниясы және жекелеген акциясы нәтижесінде тұтынушылардың автозаймға деген қызығушылығы артқан. Оның үстіне, бірқатар банк автонесие бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендете тастады. Соның салдарынан автонесиеге деген өтінім көлемі 997 мыңға (10%) бір-ақ өскен. Бұған жекелеген салондар да ерекше үлес қосып жатыр. Тіпті алғашқы жарнаны қажет етпей-ақ, жаңа көліктерді тегін бергендей үлестіріп жатқандар қаншама. Бұл да ресми кредит болып есептелмек.

Осы орайда екінші деңгейлі банктердің ресми ұсынысын біле жүрген артық етпейді. Еліміздің банк секторында  екінші деңгейлі 21 банк (оның 8-і шетелдік еншілес банктер) жұмыс істегенімен, бәрі бірдей автонесие ұсынбайды. Бұл ретте біз арнайы шолу жасап, автонесие бойынша негізгі ақпараттарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Forte Bank комиссия жоқтығымен, КАСКО талап етпеуімен ерекше

Forte Bank-те жеңілдетілген автонесиені рәсімдеу 5 негізгі кезеңнен тұрады. Олар:

  • Автокөлікті таңдап, автосалоннан төлем шотын алу;
  • Банкке өтінім беру және мақұлданғанын күту;
  • Автосалонда алу-сату шарттарын бекіту;
  • Құжаттарды рәсімдеу (КАСКО сақтандыруын да);
  • Автокөлікті өз атыңызға тіркеу.

Банк ұсынатын жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4%-дан (ЖТСМ 4,2%-дан бастап 7,5%-ға дейiн) басталады. Қарыз мерзімі – 7 жылға дейін, ал кредиттің ең жоғары сомасы 10 млн теңгеге дейін ғана қарастырылады. Несиелеуге ұсынылатын автокөліктің ең жоғарғы құны 15 млн теңге екенін де айтып өтейік.

Ал Forte автонесиесі тиімді пайыздық мөлшерлемесімен, комиссиясының жоқтығымен, КАСКО сақтандыруының талап етілмеуімен, 1 күн ішінде онлайн рәсімдеу мүмкіндігімен ерекшеленеді. Көлікті бір күнде алу үшін не істеу керек? Бәрі де қарапайым. Forte қосымшасында өтініш беріп, мақұлдауын аласыз. Одан кейін автокөлік таңдау мақсатында автосалон менеджеріне хабарласасыз. Банк жіберген құжаттарға ЭЦҚ-мен қол қойып, автосалонға алғашқы жарнаны аударасыз. Автокөлік рәсімделеді.

Талаптары мынадай:

  • Қарыз сомасы – 1 млн теңгеден 35 млн теңгеге дейін;
  • Валютасы – теңге;
  • Несие мерзімі – 1-7 жыл;
  • Бастапқы жарна – 10 пайыздан басталады;
  • Номиналды мөлшерлеме – 0,01 пайыздан 22,5 пайызға дейін;
  • Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 0,1 пайыздан 24,9 пайызға дейін.

Банк ЦентрКредит (BCC) 68 жасқа дейін

«Центр КредитБанкінің» де жеңілдікті несиелеу бағдарламасы Forte-мен ұқсас. Несие мерзімі – 7 жылға дейін және автокөліктің ең жоғарғы құны – 15 млн теңге. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4 пайыз болып бекітілсе, ЖТСМ 7,5 пайызға дейін қойылған.

Бұл банкте жүрілген автокөліктерді 25,00%-28,30% аралығында (ЖТСМ – 28,40%-32,24%) рәсімдеуге мүмкіндік бар. Қарыз алушы займды алған сәтте 21 жастан асқан, қарыз мерзімі аяқталған сәтте 68 жасқа толмаған болуға тиіс. Қарыздың ең көп сомасы – 25 млн теңге. Бастапқы жарна ретінде клиент қолындағы автомобилін бере алады Автосалон клиенттің бастапқы жарна ретінде өз автомобилін бергенін растайтын құжатты банкке ұсынады.

Мұнда да автонесиені рәсімдеу мейлінше жеңілдетілген. Әуелі ұнаған автокөлікті таңдап, шарттарын салыстырасыз (калькулятор көмегімен). Одан кейін банк шешімін күтесіз. Оң шешім қабылданған жағдайда жақын жердегі банк бөлімшесіне келіп, рәсімдеу процедурасын жүзеге асырасыз. Шешім 5 минут ішінде қабылданады. Қайта рәсімдеу, кепілді тіркеу және займ алу үшін ешқандай комиссия алынбайды. Сондай-ақ клиенттің зейнетақы жинағы туралы дерек те маңызды емес. Бұл кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін өте ыңғайлы.

Банктің автосалоннан жаңа автомобиль сатып алуға кредит беру мөлшерлемесі – 21,7%-23% (ЖТСМ – 23,98%-25,56%). Қарыздың ең көп сомасы – 45 млн теңгеге дейін. Солай бола тұра несиені өтеу мерзімі 7 жылдан аспайды.

«Еуразиялық банк» бастапқы жарнаны талап етпейді

«Еуразиялық банктің» сайтында жеңілдетілген автонесие бағдарламасы «Қазақстан Даму Банкімен» бірлесе атқаратыны жазылған. Мұнда жаңа көліктерді жылдық 4%-бен (ЖТСМ 4,1%-бен) рәсімдеуге болады. Бастапқы жарна 10%-дан басталады. Кредитті ұйымдастыру және беру комиссиясыз жүзеге асырылады.

Сондай-ақ бұл қаржы институты жүрілген автокөліктерді несиеге рәсімдеу бойынша да тиімді шарттар ұсынады. Бастапқы жарна 20%-дан басталса, кредит беру мерзімі – 84 айға дейін (7 жыл). Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 25%-дан 30%-ға дейін (ЖТСМ жылдық 28,06%-дан 35%-ға дейін).

Несие алушыға қойылатын негізгі талаптар мынадай:

  • Қарыз алушының/қосарлас қарыз алушының жасы: 21 жастан бастап, банктік қарыз шартының әрекет ету мерзімінің аяқталу күніне зейнеткерлік жастан аспауға тиіс (әйелдер — 60 жас, ерлер — 63 жас). 65 жасқа дейін (қарыз сомасы 10 000 0000 теңгеге дейін болса), шарттың әрекет ету мерзімінің аяқталу күніне зейнеткерлік жастан аспаған жастағы қосарлас қарыз алушыны міндетті түрде тарту;
  • ҚР аумағында тұрақты тұрғылықты жері болуы;
  • Клиент зейнеткер болса, ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына сәйкес қосарлас қарыз алушы талап етіледі.

Банк ұсынатын несиені өтеу әдістері де сан алуан. Қарызды Smartbank оңтайлы қосымшасы арқылы, банктің терминалдары арқылы, банктің бөлімшелеріндегі касса арқылы және «Кассир 24» арқылы төлеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар несие сомасын мерзімінен бұрын ішінара және толығымен төлеп тастауға да болады. Ондай жағдайда не айыппұл, не комиссия ұсталмайды. Өтеу сомасына да шектеу қойылмаған.

«Еуразиялық банктегі» жаңа автокөлікті нарық мөлшерлемесімен сатып алу талаптары былай белгіленген:

Егер шетелдік, ТМД, Ресей және Қытай өндірісінің жеңіл автокөліктерін алғыңыз келсе, 30 млн теңгеге дейінгі көлемде займ рәсімдей аласыз. Luxury брендтерге арналған қарыз сомасы – 45 млн теңге шегіне дейін. Сонымен бірге, қозғалтқыш көлемі 50 текше см-ден асатын мотоцикл, мотороллер, квадроцикл, қарда жүргіш, гидроциклдер сатып алуға болады.

Бастапқы жарнаны төлеу талап етілмейді. Ал сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 0,12%-дан 30%-ға дейін (ЖТСМ жылдық 13,91%-дан 35%-ға дейін).

«Нұрбанк» бастапқы жарнаны міндеттейді

Автонесие жобасы «Нұрбанкте» де бар. Көлік құнының 35 пайыздан асатын сомасы көлемінде алғашқы жарнаны құю міндеттеледі.

Жаңа жеңіл автокөлікті автосалоннан сатып алуға арналған жобаның сыйақы мөлшерлемесі – комиссиямен алғанда 19,5%-22,0%, ал ЖТСМ 22,1%-29,1% деп көрсетілген. Комиссиясыз жылдық сыйақы ставкасы – 22,5%, ЖТСМ – 25,0%-25,1%. Егер несие сомасы 10 млн теңге болса және несие мерзімі 5 жылға (60 ай) есептелсе, онда алдын ала ай сайынғы төлем 279 039 теңгені құрайды. Артық төлем мөлшері – 6 742 367 теңге. Банк қарызды ұйымдастырғаны үшін несие сомасының 2 пайызы көлемінде комиссия ұсталады.

Банкте қолданыстағы жеңіл автокөлікті сатып алу мүмкіндігі де бар:

  • Сомасы – жылжымалы мүліктің нарықтық құнының 50%-ына дейін, бірақ 10 млн теңгеден аспауы керек;
  • Бастапқы жарна 50 пайыздан басталады;
  • Мерзім – 9-дан 24 айға дейін;
  • Өтінімді қарау мерзімі – 3 жұмыс күнінен бастап.

«Freedom Bank» 60 жасқа дейінгілерге автонесие береді

«Freedom Bank» автонесиені онлайн рәсімдеу мүмкіндігін мейлінше жетілдіріп ұсынып отыр. 50 млн теңгеге дейінгі сомадағы кез келген көлікті 10 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнасын төлеп рәсімдеуге мүмкіндік бар. Несие 7 жылдан артық мерзімге берілмейді. Ең басты артықшылығы – процестің бәрін үйде отырып істеуге болады. Бірқатар банк 63 жасқа дейінгі азаматтарға несие ұсынса, бұл қаржы ұйымы 60 жаспен шектеледі. Сонымен қатар қарызды ұйымдастырғаны үшін комиссия алмайды.

Сонымен бірге, кепілді онлайн бағалау (цифрлық автонесие жүйесінде ішкі бағалау процесі), автокөлікті сақтандыру (АҚЖМС және КАСКО сақтандырулары несие сомасына қосылады) жедел әрі сапалы жүзеге асырылады. Кепіл заты басқа компанияда сақтандырылған жағдайда, өтінім банктің филиалдарында қаралады.

Мұнда онлайн отырып VIP көлік нөмірін таңдауға да жол ашық. ЭЦҚ талап етілмейді, яғни құжаттарға биометрия көмегімен қол қойылады. Банк өз кезегінде техтөлқұжат пен нөмірді жеткізуді ұйымдастырып береді. Жеткізу мекенжайын көрсетесіз немесе мамандандырылған ХҚКО-дан өзіңіз алып кетуді таңдай аласыз.

Halyk Bank бір минутта мақұлдайды

Цифрлық автокредитті Halyk Bank те ұсынады. Сіздер Halyk серіктестерінің автосалондарына барып, көңіліңіз қалаған автокөлікті таңдай аласыз. Ал артықшылықтары ретінде мына факторларды айырықша атап өтсек болады:

  • Комиссия ұсталмайды;
  • Бастапқы жарна талап етілмейді;
  • Мақұлдау небәрі 1 минутта шешіледі;
  • Сақтандыру несиелеудің барлық кезеңінде жүреді;
  • Төмен мөлшерлемемен электромобиль де сатып алуға болады.

Несиелеу мерзімі – 6 айдан 84 айға дейін. Ал сыйақы мөлшерлемесі жаңа автомобильдер үшін: 21%-26% (ЖТСМ – 23%-29,5%) аралығында болса, жаңа электромобильдер үшін: 20%-25% (ЖТСМ – 21,9%-28,3%), жүрілген автомобильдер үшін: 21,5%-26,5% (ЖТСМ – 23,6%-30,1%), жүрілген электромобильдер үшін: 20,5%-25,5% (ЖТСМ – 22,4%-28,9%) аралығында бекітілген. Жүрілген автомобиль үшін 10% көлемінде бастапқы жарна талап етіледі.

Ал рәсімдеу процесі өте тез жүреді. Алдымен автосалонға хабарласып, автокөлікті таңдайсыз. Halyk қосымшасына тіркеліп, кредит шешімімен танысасыз. Автосалонға автокөлікті кепілге қоюға нотариалдық өтініш беріп, автокөліктің мемлекеттік нөмірін енгізіп, кепілді тіркеу үшін мемлекеттік баж төлейсіз. Содан кейін ЭЦҚ бар құжаттарға қол қойып, онлайн тіркелесіз. Ал Halyk серіктестері ретінде қаржы ұйымының ресми сайтында Astana Motors, Allur, Orbis, Doscar, Aster auto, Q4tulpar автосалондары көрсетілген.

Басқа материалдар

Back to top button