Trade-In

Маманнан 6 кеңес: автокредит рәсімдегенде нені ескеру керек

Автокредит – көлік мінгісі келетін адам үшін таптырмас мүмкіндік. Алайда, мұндай кредит кей адам үшін тиімді болғанымен, кей тұтынушы үшін қып-қызыл шығын болуы ықтимал.

Тұтынушы мынаны білгені маңызды: алдымен жоспарыңыздың орындалғанын емес, берешегіңіздің өтеуін ойлаңыз. Кредит «батпандап кіріп, мысқалдап шығады». Несие рәсімдемес бұрын барлық шарт пен мүмкіндікті жіті таразылап, автонесиенің не екенін түсіну керек. Әйтпесе, сіз жоспарлағаннан да көп шығынға батуыңыз мүмкін.

Автокредит – бұл автокөлік сатып алу үшін банктен берілетін несие. Бұл ақшаға сіз жаңа немесе ескі көлік (жүрілген) сатып ала аласыз. Алайда, сіз алған көлік несиені төлеп біткенше банктің кепілдігінде қалады. Одан бөлек каско дейтін міндетті шарты тағы бар. Оған да біршама шығындаласыз.

Автокредит рәсімдегенде мынадай негізгі қателіктерге ұрынбау керек:

  • Қаржылық мүмкіндігіңізді асыра бағалау. Шығын мен кірісті дұрыс жоспарламаудың соңы өте қысқа мерзімде қиын жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Несие мерзімін кешіктірсеңіз, ай сайынғы төлемнен бөлек кешіктірілген күндер үшін өсімпұл (пения) бар. Егер автокөлік бағасы жылдық табысыңыздан асып түсетін болса, егер ай сайынғы төлейтін кредит сомасы айлық жалақыңыздың жартысынан көп болатын болса, онда автокредитке жоламаңыз.
  • Қарыз алушылардың көбі келісімшартты бүге-шүгесіне дейін оқымайды және соның салдарынан көп төлейді. Әу баста келісімшарт аясындағы құқығын пайдаланбай, қаржылай ұтылып жатқанын кейін байқап сан соғады. Келісімшарттағы барлық тармақпен танысу керек, егер түсінбеген тұстарыңыз болса, құқығыңызды пайдаланып банк кеңесшісінен бәрін сұрап алыңыз.
  • Сақтандыру туралы тармаққа ерекше көңіл бөлу керек. Сақтандырусыз сіз банктің «батасын» ала алмайсыз. Бірақ автодилерлер банктермен тығыз жұмыс істейтіндіктен, сақтандыруға қатысты басы артық тармақтар қосуы мүмкін.
  • Тұтынушылар автокредит рәсімдегенде бірінші кездескен банкке, немесе автодилер ұсынған банкке жүгінеді. Бұл дұрыс емес. Кредит рәсімдер алдында бірнеше банктің ұсынысын зерделеп, ішінен ең тиімдісін таңдау қажет.
  • Көбі автокөлік сатып алуды инвестиция деп қарастырады. Қатты қателеседі. Автокөліктің шығыны көп: бензин, жөндеу қызметі, сақтандыру, майын ауыстыру, жуу және т.б. Ал егер ол көлікті кредитке алсаңыз, одан сайын шығынға баттым дей беріңіз.
  • Автокөлік – бағалы дүние, бірақ алдыңыздан қандай қауіп шығатынын білмейсіз. Байқаусызда өртеніп кетуі мүмкін, ұрлап кетуі мүмкін, бұзылып қалып жолда қалдыруы мүмкін. Жол апатына түсіп, жарамсыз болып қалуы ықтимал. Осындай жағдайда сіз пайдалануға жарамайтын автокөлік үшін босқа кредит төлеуіңіз мүмкін (егер каско болмаса). Бәрін жіті тексеріңіз.

Гүлжазира Жаркешова, кредит бойынша сарапшы

Басқа материалдар

Back to top button