Қытай көліктеріне сұраныс арта береді – сарапшылар

Биыл Қазақстанда қай көліктер көп сатылды? Қытай автомобильдеріне сұраныс неге жоғары? Қазақстандықтар электромобильге отыруға неге асықпайды? 2025 жылы автонарықта қандай өзгерістер болады? Осы және өзге де сұрақтарға JETEK редакциясы сарапшылардан жауап іздеді.
Қазақстан автокөлік одағының мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында ресми автодилерлер 179 628 жаңа көлік сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6% көп.
Көш басында Hyundai, Chevrolet және Kia көліктері тұр. Биыл үздік ондыққа төмендегі брендтер енді:
- Hyundai – 37 998 көлік (2023 жылдың қаңтар-қарашасымен салыстырғанда көрсеткіш минус 9,4%);
- Chevrolet – 26 463 көлік (-33,9%);
- Kia – 21 087 көлік (-8,6%);
- Chery – 13 491 көлік (+24,5%);
- Jac – 10 143 көлік (+64,1%);
- Toyota – 9 790 көлік (+5,2%);
- Haval – 9 672 көлік (+42,3%);
- Jetour – 8 360 көлік (+190,9%);
- Changan – 7 700 көлік (+39,9%);
- Geely – 7 237 көлік (+139,8%).
Биыл 11 айда Қазақстанда 20 984 жаңа жеңіл автомобиль пен коммерциялық техника сатылды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7% артық.
AutoReport порталының редакторы Ербол Казистаев ТОП-3-ке енген көліктер жоғары бәсекеге төтеп бергенін атап өтті.
«Жылдың соңына дейін елімізде жалпы 200 мың жаңа жеңіл көлік сатылады деген болжам бар. Қазақстандықтар былтырғыдай Hyundai, Kia және Chevrolet маркалы көліктерді сатып алды. Рас, биыл бұл машиналардың сатылымы 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама төмен болды. Мұның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, отандық зауыттарда көлік өндірісінің төмендеуі және Қытай автомобильдеріне деген сұраныстың артуы», — деді ол.
Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарян жоғарыда аталған автомобильдерге қазақстандықтар әбден үйреніп алғанын жеткізді.
«Қазақстандық тұтынушылар бұл автомобильдердің (Hyundai, Kia, Chevrolet) қыр-сырын жақсы біледі. Себебі, аталған көліктердің нарықта жүргеніне біраз уақыт болды. Автомобильдердің техникалық сипаттамасы да көңілден шығады. Сондай-ақ аталған көліктердің бағасы импорттық техникамен салыстырғанда анағұрлым тартымды», — деді сарапшы.
«Қытай көліктеріне сұраныс арта береді»
Бүгінде Қазақстандағы Қытай брендтерінің нарықтағы үлесі 35%-ға жеткен. Сарапшылар бұл көрсеткіш тағы да арта түседі деген пікірде.
«2025 жылы жаңа көліктердің сатылым көрсеткіші өседі деп ойлаймын. Әсіресе, бұл Қытай көліктеріне қатысты. Себебі, келесі жылы Алматыда Changan, Chery, Tank және Haval автомобильдерін шығаратын мультибренд зауыты іске қосылады. Сондай-ақ Қостанайда Kia зауыты жұмысын бастайды», — деді Ербол Казистаев.
Сарапшының айтуынша, бүгінде қазақстандықтар елімізде құрастырылған көліктерді сатып алғанды дұрыс деп санайды.
«Себебі, бұл автомобильдердің бағасы қолжетімді (салыстырмалы түрде айтқанда) болуымен, дилерлік орталықтардың болуы, онда сервистік қызметтердің көрсетілуі әрі қажет автобөлшектердің үнемі болуымен байланысты», — деді AutoReport редакторы.
Қазақстандықтар электромобильге отыруға неге асықпайды?
Артур Мискарян бүгінде Қазақстанда барлығы 11 мың электромобиль барын, олардың үлесі 1%-ға жетпейтінін атап өтті.
Олардың басым бөлігі Алматыда (6,8 мың көлік), Астанада (1,4 мың көлік) және тағы басқа қалаларда тіркелген. Алайда еліміздегі электромобильдердің жеңіл автопарктегі үлесі – 0,27%, — деді ол.
Ербол Казистаев мұны тиісті инфрақұрылымның жоқтығымен байланыстырады.
«Елімізде тоқпен жүретін көліктердің үлесі артып келеді, бірақ көп емес. Оған да бірнеше себеп бар. Біріншіден, тоқпен жүретін көліктер үшін әлі де тиісті инфрақұрылым жасалмаған. Әсіресе, қалалар арасындағы трассада. Екіншіден, қазақстандықтар электромобильдердің қыста «өзін қалай ұстайтынын», оған қандай сервистік қызмет көрсету керегін түсінуге көбірек уақыт керек», — деді сарапшы.
2025 жылы көлік нарығында қандай өзгерістер болады?
Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің басшысы келесі жылы көлік бағасы тұрақты болатынын, тауарды таңдау мүмкіндігі жоғары болады деген ұстанымда.
Биыл нарыққа әртүрлі елден бірнеше бренд келіп, өз өнімдерін ұсынды. Бұған тұтынушының көзімен қарасақ, баға тұрақты, ал тауарды (көлікті) таңдау мүмкіндігі жоғары болды. 2025 жылы да әртүрлі бренд көліктің көптеген түрін ұсынады, — деді Артур Мискарян.
AutoReport редакторының айтуынша, 2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда автокредитті рәсімдеу кезінде банк борыштық жүктеме коэффициентін есептемейді. Себебі, сатылатын автомобиль кепілде болады. Бұл автонесиені рәсімдеуді едәуір жеңілдетіп, көліктерді көбірек сатуға септігін тигізеді.
Жаңа көліктердің сатылымына әсер ететін тағы бар фактор бар. Енді қазақстандық автонесиені рәсімдеген кезде банк оны борыштық жүктемесінің коэффициенті ретінде есептемейді. Биыл 1 сәуірде бұл ереже енгізілді, — деді Ербот Казистаев.