Қарашадағы ТОП-5 автокөлік: Chevrolet, Hyundai, Kia, Chery, Haval

«Қазақстанның автокөлік одағы» (ҚАО) мәліметінше, 2024 жылдың қараша айында 20 984 жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника сатылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7% жоғары. Жалпы 2024 жылдың 11 айында дилерлер 179 628 жаңа көліктің кілтін тапсырған (+2,6%).
Жыл соңы жаңа автомобиль алуға таптырмас уақыт! Екі ай қатарынан нарықта 20 мыңнан астам автокөлік сатылғаны тіркелді, — дейді ҚАО президенті Анар МАҚАШЕВА.
Қарашада көп сатылған брендтер көшін осымен екінші ай қатарынан Chevrolet (4 418 бірлік) бастады (былтырғы қарашамен салыстырғанда +4,1%). Hyundai дилерлері 3 829 автомобиль сатты (+6,3%), Kia 1 617 көлік сатып үшінші қатарға жайғасты (-23%), төртінші орын Chery компаниясына бұйырды (1 515; -24,4%). Бесінші қатардан көрінген Haval нәтижесі – 1 451 бірлік (+89,4%). Toyota алтыншы орынға жайғасты (1 211 бірлік; -3,3%). Одан бөлек тізімде Geely (978 бірлік; +116,4%), Changan (966 бірлік; +100%) және Jetour (923 бірлік; +48,9%) бар.
Қарашада ең танымал модельдердің үштігіне Chevrolet Cobalt (4 159), Hyundai Tucson (1 843) және алғаш рет Haval M6 (727) енді. Төртінші сатыға Hyundai Elantra (726 ) тұрақтады. Сонымен қатар тізімге Chery Tiggo 7 Pro (618), Chery Tiggo 4 (546), Toyota Camry (511), Hyundai Sonata (508), Changan CS55 Plus (466) және Kia Sportage (437) кірді.
2024 жылдың он бір айының қорытындысы бойынша брендтер арасында Hyundai (37 998) жеңімпаз атанды, екінші орын Chevrolet (26 463) еншісінде. 21 087 машинасы сатылған Kia үштікке кірді. Ал төртінші сатыға 13 491 автомобилі өткен Chery орналасты. Jac әлі де бесінші орынды ешкімге берер емес (10 143) Toyota алтыншы орынға орналасты (9 790). Содан соң Haval (9 672), Jetour (8 360), Changan (7 700) және Geely (7 237) тұр.