Халық жаңа көлік күтіп отыр ма? Қаңтарда автокредит мөлшері азайды

Биыл қаңтар айындағы жеке тұлғаларға берілетін кредит көлемі 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 15,8% төмендеген.
Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, ипотека айтарлықтай төмендеген – биыл қаңтарда 153,1 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың желтоқсанындағы жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 44% азайған.
Алайда, жылдық салыстыруда бұл көрсеткіш өскен, және қазір 2024 жылдың екінші жартысындағы жоғары көрсеткіштерге дейінгі деңгейде. Жалпы ипотекалық портфель 1 ақпанда 6,7 трлн теңгеге жуықтап, 631 мың келісімшарт пен 603 мың қарыз алушыны қамтыды.
Автокредит бойынша да айлық көрсеткіш 46% азайған – 125,9 млрд теңге. Жылдық салыстыруда да 4% төмендеген.
Еске салайық, биылдан бастап Қазақстанда отандық көлікті несиеге алу жолы жеңілдеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк және микроқаржы қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Агенттік өзгертулер отандық автоөнеркәсіпті қолдау, сондай-ақ қарыз алушылардың борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) есептеу тәртібіне көзқарастарды оңтайландыру үшін енгізілгенін түсіндірді.
Қазақстанда 2024 жылдың соңына дейін көлікті кепілге қою арқылы жаңа көлікті сатып алуға несие беру кезінде борыштық жүктеме коэффициентін есептеу жүргізілмейтін ереже күшінде болды.
Түзетулер бұл ереженің әрекет ету мерзімін кеңейтіп, оны 2026 жылдың соңына дейін ұзартты.