Кредит орнына: Қазақстанда жеке тұлғалар автокөлікті лизингке алатын күн жақын

Жуырда Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалар үшін лизинг енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жетті.
Аталмыш заң жобасын Парламент депутаттары әзірлеген.
Осы құжат аясында жеке кәсіпкер саналмайтын жеке тұлғаларға лизинг енгізу қарастырылған. Бұл өз кезегінде оларға автокөлік және жылжымайтын мүлік сияқты активтер алуға мүмкіндік береді, — деді Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева.
Депутаттың айтуынша, аталған құжат қабылданған жағдайда, азаматтардың қаржы қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігі артады.
Депутаттың айтуынша, Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитеті бұл заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын.
Еске салайық, депутаттар 2024 жылы бұл құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бастама көтеріп, заң жобасын әзірлеуге кірісті. Түзету енгізудегі негізгі мақсат – халықтың шамадан тыс несие алу деңгейін төмендету және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, сондай-ақ банк секторының және жеке лизингтік компаниялар нарығының бәсекеге қабілеттілігін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру.
Лизинг дегеніміз не?
Техникалық лизинг (авто, арнайы техника және т.б.) — бұл кейіннен сатып алу құқығымен жалға алу. Басқаша айтқанда, кәсіпкер, айталық, лизингтік шарттың қолданысы кезінде машинаны пайдаланады және ай сайын аударымдар жасайды, бұл ретте авто құны үнемі төмендеп отырады. Келісім мерзімі аяқталғаннан кейін қалған бөлігін төлеп, автокөлікті сатып алуға немесе сатып алудан бас тартуға болады.