Trade-In

2025 жылы Қазақстанда автокөлік бағасы қымбаттай ма?

Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарян 2025 жылы Қазақстанда автокөлік нарығында (баға) қандай өзгеріс болатынына болжам айтты.

Сарапшының айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда жаңа автокөліктердің бағасында көп өзгеріс болмайды. Нарықтағы баға сақталуы мүмкін. Ал қолданыстағы (жүрілген) көліктердің бағасы арзандауы әбден мүмкін. Оған қоса, Қазақстанда автокөлікке деген сұраныс әлі тұрақты, оған елдегі монетарлық саясаттың әсері де бар.

«Валюта нарығында тұрақты жағдай болса, жаңа автокөліктердің бағасы қазіргіден ауытқымайды. Қолданыстағы (жүрілген) көліктердің де бағасы қатты құлдырамайды. Алайда, қалтаңа қарай жаңа автомобильдерге таңдаудың арта түсуі, банктердің тиімді ұсыныстарына қарай қолданыстағы көліктердің бағасы аздап түсуі мүмкін», дейді сарапшы.

Еске салайық, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025-2026 жылдары Қазақстанда автонесие алу рәсімін жеңілдетуді жоспарлап отыр.

Жобаға сәйкес, 2025 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін автокөлік сатып алу үшін берілетін несиелерге борыштық жүктеме коэффициентінің шекті деңгейін сақтау талабы жойылуы мүмкін.

Бұл жеңілдік мына жағдайларға қатысты болады:

  • жаңа автокөлікті кепілмен сатып алу;
  • пайдаланылған автокөлікті 50 пайыздан астам бастапқы жарнамен кепіл арқылы сатып алу;
  • 3 жылға дейін пайдаланылған автокөлікті 30-50 пайыз бастапқы жарнамен кепіл арқылы сатып алу.

Басқа материалдар

Back to top button