Автонарық

Қытай нарығының салқыны: Honda мен Nissan бірігуді жоспарлап отыр

Жапониядағы ең ірі автокөлік өндірушілерінің арасында екінші және үшінші орын алатын Honda мен Nissan бірігіп холдинг құрмақ. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Былтыр аталмыш екі компания бірге 7,4 млн көлік сатқан. Алайда Қытай өндірісіндегі (электромобиль) дүмпудің салқыны жапондардың алпауыт компанияларына да әсер етіп, ішкі сұраныстың төмендеуі айтарлықтай қиындық туғызған.

Honda мен Nissan компаниялары биыл көктемнен бастап бірігіп жұмыс істеуге көшкен. 2024 жылдың тамызында олар электромобильдерге арналған батареялар мен технологияларды бірлесіп шығаруға келіскен. Алайда, Nissan компаниясының қаржылық жағдайы қиындап, 2024 жылдың (фискалдық жыл) алғашқы жартысында компанияның таза пайдасы 90% төмендеді, ал операциялық пайда бойынша болжам 70% қысқарды.

Nissan электромобиль өндірісінде артта қалып отыр. Кезінде танымал болған Nissan Leaf моделі енді екі ғана электрлі көлік түрін ұсына алады. Компания 2026 жылға дейін гибридті модельдер қатарын 16-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Сарапшылардың айтуынша, Nissan компаниясының қазіргі қаржылық жағдайы дербес қимылдауға мұрша бермейді. Сондықтан, компания жуық арада серіктес іздеуге мәжбүр болуы мүмкін. Ал Honda электромобиль стратегиясында АҚШ-тағы GM және Қытайдағы бірлескен кәсіпорындарға сенім артып отыр.

Басқа материалдар

Back to top button