Қарашада 26 мың көлік сатылды: көш басында Chevrolet
Қазақстанда биыл көлік саудасы қыза түсті. «Қазақстан автокөлік одағы» (ҚАО) мәліметіне сәйкес, қараша айында елімізде 25 804 жаңа жеңіл автокөлік пен коммерциялық техника сатылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,7% көп. Сонымен қатар, бұл айлық сатылым жағынан абсолют рекорд.
Жалпы, 2025 жылдың 11 айында қазақстандық дилерлер 207 616 жаңа автокөлік сатқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,6% артық және елдегі ресми авторитейл тарихындағы ең жоғары нәтиже.
ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, қарашада тіркелген сатылымға назар салсақ, отандық автонарықтың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
«Қараша айында ресми дилерлер 25 мыңнан астам жаңа автокөлікті өткізді, және бұл ай рекордтық нәтиже көрсетті. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жаңа автокөлік нарығы былтырғы жылдың толық көрсеткішінен асып түсті, әрі алда бізді белсенді сатылым кезеңіндегі тағы бір ай күтіп тұр. Уәде еткендей, дилерлер серіктестермен бірлесіп қаржыландыру құралдарының қатарын кеңейтіп, арнайы ұсыныстар мен акцияларды іске қосуда. Дәстүрлі түрде желтоқсан автокөлік сатып алу үшін ең тиімді ай саналады», – дейді ол.
2025 жылдың қараша айында Қазақстандағы жаңа автокөлік нарығында көшбасшылар қатары ауысты. Chevrolet маркасы 7 777 автокөлік сатып, айлық сатылым бойынша Hyundai-ды басып озды. Бұл – өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 76% өсім. Hyundai 5 261 көлікпен екінші орынға жайғасты (+37,9%).
Үшінші орынға KIA көтеріліп, 1 990 көлік сатты (+23,1%). Jetour бренді де сенімді өсім көрсетіп, 1 326 автокөлік өткізді (+43,7%). Toyota 1 252 көлікпен (+3,4%) бесінші орынға жайғасты. Ал Chery мен Haval-да сатылымының төмендеуі байқалды: сәйкесінше 1 123 көлік (-25,9%) және 1 091 көлік (-24,9%).
Үздік ондықты Changan (1 006; +4,1%), Geely (828; -15,3%) және JAC (597; -43,5%) толықтырды.
Қараша айындағы ең танымал модельдер:
- Chevrolet Cobalt – 7 105
- Hyundai Tucson – 1 945
- Kia Sportage – 1 320
- Hyundai Mufasa – 1 019
- Hyundai Elantra – 907
- Haval M6 – 641
- Hyundai Santa Fe – 614
- Chevrolet Onix – 609
- Changan CS55 Plus – 498
- Hyundai Sonata – 487
Айта кетерлігі, үздік ондыққа енген барлық модельдер Қазақстанда құрастырылған.
11 айдың қорытындысы бойынша:
- Hyundai – 45 220 көлік (+19,3%)
- Chevrolet – 33 486 (+26,5%)
- Kia – 21 481 (+1,9%)
- Jetour – 13 012 (+55,6%)
- Chery – 12 518 (-7%)
- Haval – 10 424 (+7,8%)
- Changan – 10 131 (+31,6%)
- Toyota – 10 075 (+2,9%)
- Geely – 9 020 (+24,6%)
- Jac – 8 787 (-13,4%)



