94 мыңға жуық қазақстандық такси қызметінде ресми тіркелген

Қазақстанда такси қызметіндегі жеке кәсіпкерлердің саны 93,8 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 3,7 есе көп (2025 жылдың 1 қыркүйегі).
DataHub деректеріне сүйенсек, бір ай ішінде, яғни 1 тамыздан бері таксимен айналысатын жеке кәсіпкер саны 6,1%-ға артқан, ал 2024 жылғы қыркүйектен бері орташа айлық өсім 11,8%. Нәтижесінде, кез келген жастағы әрбір 220-шы қазақстандықтың такси саласында ресми тіркелген жеке кәсіпкерлігі бар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың тамыз айында кәсіпкерлер 16,2 мың жолаушы тасымалдаған. Яғни, тек такси қызметі ғана емес, жолаушылардың саны да жылдық есепте 3,9 есе өскен.
Еске салайық, биыл 15 тамыздан бастап Қазақстанда таксиге қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді. Осыған байланысты Яндекс.Такси «комфорт» тарифінен бірнеше танымал автокөлік моделін алып тастады.