Көлік әйнегін тегін қараңғылауға рұқсат берілуі мүмкін

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Ярослав Нилов автомобильдің алдыңғы бүйірлік әйнектерін қараңғылауға қойылатын талапты жеңілдетуді ұсынды. ТАСС хабарлағандай, депутат өз уәжін Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған хатында баяндаған.
Нилов қазіргі стандарт бойынша алдыңғы және бүйірлік әйнектердің жарық өткізу деңгейі кемінде 70% болуы керек дейді. Бұл талап орындалмаған жағдайда жүргізушіге 500 рубль (3 385 теңге, Қазақстанда 5 АЕК немесе 2025 жылы 19 660 теңге) айыппұл салынады.
Депутат хатында «Оңтүстіктегі көптеген елде және Солтүстік Американың кейбір штатында керісінше, әйнек қараңғыланбағаны үшін жүргізуші жауапқа тартылады. Осындай тәжірибені мұқият зерттеу Еуразиялық одақтың климаттық ерекшеліктеріне сай норманы қайта қарауға, заңнаманы жақсартуға және әйнекті ішінара қараңғылауға рұқсат етуге мүмкіндік береді. Сізден Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне алдыңғы бүйірлік әйнектер арқылы шолу мүмкіндігін қамтамасыз ету талаптарын қайта қарауға қатысты өзгеріс енгізу жобасын қолдауды сұраймын» деп жазған.
Депутаттың сөзінше, ЕЭО-ға мүше көптеген өңірде жазда ауа температурасы +40 градустан асып кетеді. Салон ішіндегі ыстықтан бөлек, күн сәулесі тікелей түсіп, көлікті басқаруға айтарлықтай кедергі келтіреді. Бұл қозғалыс кезінде қауіпті, себебі жүргізуші назарын ауа райына аударып, көлік тізгіндеуге зейін қоя алмайды.
ЕЭК алқасы Ярослав Ниловтың ұсынысын қолдап, техникалық регламентке өзгеріс енсе, ЕЭО аумағында көлік әйнектерін қараңғылауға рұқсат етіледі.
Еуразиялық экономикалық одақ – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мүшелік ететін халықаралық ұйым.
Бұған дейін «QazAutoStandard» автокөлік сарапшылары мен аудиторлар қауымдастығының президенті Ербол Сейпілов автокөліктің алдыңғы әйнегін қараңғылау жасауға рұқсат бермес бұрын қарастыруға тиіс мәселелерді айтқан еді.