Бағдаршам

Қазақстанда жол апаты көбейген: зардап шеккендер де

2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде 15 698 жол апаты болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 54% көп. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебінше жартыжылдықта 22 346 адам зардап шеккен, оның ішінде 955-і қаза тапқан.

Жол апаттарының ең көбі (1401) республикалық маңызы бар трассаларда болған. 3 146 адам зардап шекті, оның 2 791-і жараланып, 355-і көз жұмды.

Апат саны бойынша Алматы (404), Ақмола (126) және Жамбыл (121) облыстары көш бастап тұр. Бұған дейін көлік саны көп Алматы қаласында ең көп жол апаты тіркелетін. Прокуратура тек адам зардап шеккен апаттарды есептейді. Бірақ адам көбіне жоғары жылдамдықпен жүрген көліктің соқтығысуы кезінде ауыр жарақат алады. Алматыдағы кептеліс нәтижесінде ондай жағдай сирек кездеседі. Осылайша жылдамдықты асырып, белгі мен таңбаға бағынбайтын жүргізушілер үшін аймақтық трассалар алға шығып отыр.

Прокурорлардың есебінше жол апаттарының басым бөлігін жеңіл көлік жүргізушілері жасаған. Олардың үлесінде 12 046 апат. Автобустар – 520, мопедтер – 438, жүк көліктері – 390 жол-көлік оқиғасына қатысқан.

Басқа материалдар

Back to top button