Автосервис

Қостанайдағы KIA зауыты жылына 70 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр

Үкіметтің мәліметінше, қазір машина жасау саласында елімізде 4 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, оның – 66-сы ірі, 105-і орта және 3998-і шағын кәсіпорын.

Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде қолданыстағы өндірістерді жаңғырту, кеңейту және жаңа өндіріс орындарын құру, сондай-ақ ШОБ субъектілерін басымдықпен әрі қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз ету шаралары көзделген. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен жалпы 1,4 трлн теңге және бюджеттен тыс қаржы көздерінен 1,3 трлн теңге көлемінде қаржыландыру көзделген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы машина жасау саласына негізгі капиталға 115 млрд теңге инвестиция тартылған. 2024 жылы бұл көрсеткіш екі еседен асып, 282 млрд теңгені құрады. 2025 жылдың бірінші тоқсанында тартылған инвестиция көлемі 55 млрд теңгеге жетті, ал 2024 жылдың сәйкес кезеңінде 33 млрд теңге инвестиция салынды.

Инвестиция өндіріске серпін береді. Мәселен, 2025 жылы автокөлік өндірісі 149 мың бірлікке дейін ұлғаяды деп күтілуде – 134 мың автокөлік шығарылған 2024 жылмен салыстырғанда 5% көп.

Мұндай өсім салада бірден бірнеше ірі жобаны жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етіледі. Мысалы, маңызды нысандардың бірі – Алматыдағы мультибренд Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты, онда CHANGAN, GREAT WALL MOTOR (Haval, Tank брендтерімен) және Chery маркалы автокөліктерін шығару жоспарланып отыр. Кәсіпорынға құйылған инвестиция көлемі 202 млрд теңгені құрайды, оның жобалық қуаты – жылына 120 мың автокөлік. Бұл ретте 3,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт жанама өндірістерді, оның ішінде компоненттер шығаратын кәсіпорындарды дамытудың қозғаушы күшіне айналады.

Сондай-ақ Қостанайда KIA Қазақстан зауытын салу жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін жылына 70 мың автокөлік шығарып, 1,5 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 90 млрд теңгені құрайды.

Аталған жобалардың жалғасы ретінде Алматының индустриалды аймағында «Almaty Autoparts Production» автокреслолар өндірісі іске қосылды. Бірінші кезеңдегі инвестиция көлемі – 4 млрд теңге, кәсіпорынның қуаты жылына 100 мың орындық жинағын өндіруге жетеді. Өнімдер Hyundai Tucson құрастыруда қолданылады, жақын арада Hyundai Santa Fe үшін пайдаланылады, сондай-ақ KIA және Astana Motors зауыттарына жеткізіледі.

Президент тапсырмасы бойынша үкімет жоғары технологиялық кластерлер құру және жанама салаларды қолдау мақсатында 17 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақтады, оның 6 трлн теңгені құрайтын 9-ына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетекшілік етеді.

Басқа материалдар

Back to top button