Ресми дилер жоқ: 9 млн теңге тұратын Toyota кроссовері Қазақстанға келді

Қытайда сатылымға шыққан Toyota брендінің bZ3X электромобиль кроссовері Қазақстанда да сатылып жатыр.
Kolesa.kz сайтында аталған модель туралы 12 хабарландыру жарияланған. Бағасы 9 млн теңгеден басталады. Бұл базалық жиынтық негізінде ұсынылған прайс. Сатумен ресми дилер емес, Қорғас арқылы көлік тасумен айналысатын жекелеген салондар айналысып жатыр.
Хабарландыруларға қарағанда көлік Алматыға келіп үлгерген. Десе де көп сатушылар автоны тапсырыс арқылы жеткізуге дайын.
Toyota bZ3X
Toyota брендінің бюджеттік кроссовері 2025 жылғы наурызда Қытай нарығына арнап таныстырылған. Модельдің базалық нұсқасы Қытайда 7 млн 300 мың теңгеден басталады. Бұл Toyota модельдік қатарының ішіндегі ең арзан автолардың бірі.
bZ3X электромобилін Toyota мен оның қытайлық серіктесі Guangzhou Automobile Group (GAC) бірлесіп жасаған. Көліктің өлшемдері: ұзындығы 4600 мм, ені 1875 мм, биіктігі 1645 мм, ал дөңгелек базасы 2765 мм. Бұл өлшемдер оны RAV4 моделіне ұқсас етеді. Алайда аталған модель RAV4-тен кішілеу.