Автосервис

Былтыр Қазақстан зауыттарында қанша автокөлік құрастырылды?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын барлық типтегі 147 431 көлік құралы шығарылды. Ал 2023 жылы 1,83 трлн теңгеге 149 753 техника жасалған (-1,6%). Өндіріс көлемінің төмендеуіне қарамастан, автоөнеркәсіп әлі де елдегі машинажасау саласының драйвері болып келеді. Автокөлік құралдары өндірісінің үлесі 2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда машина жасау саласының 41% құрады.

Автомобиль өндірісіне былтыр салынған инвестиция көлемі 189,8 млрд теңгені құрады, бұл бес жыл бұрынғыдан 20 есе және 2023 жылмен салыстырғанда 475,2% артық. Ең алдымен бұған жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға жаңа жабдық орнату және Алматы мен Қостанайда жаңа зауыттар салу әсер еткен. Оған қоса Алматыдағы индустриялық аймақта автомобиль компоненттерін шығаратын бірлескен кәсіпорындар қызмет ете бастады, Саранда (Қарағанды облысы) шина зауыты ашылды.

«Автоөнеркәсіпке жақсы инвестиция түсіп жатыр. Оның көбі отандық инвестиция, компаниялардың өз ақшасы мен қарызға алған қаражаты, сонымен қатар Қазақстанда өндіріс орнын ашып жатқан шетелдік өндірушілердің инвестициясы. Қарқынды дамып жатқан жаңа бағыт – компоненттер өндірісі. Майда торапты әдіспен жасалатын автомобиль неғұрлым көп болса, сала компонент шығарушылар үшін соғұрлым тартымды болады. Автоөнеркәсіптің мақсаты – сол көлеміді ұлғайтып, шағын және орта бизнесті тарту. Ірі компаниялардың төңірегіне конвейерге ғана емес, екінші нарыққа да компонент ұсына алатын шағын және орта кәсіп өкілдерін шоғырландыру қажет. 2025 жылы аса ірі инвестициялық жобалар жүзеге асады деп күтіп отырмыз», — дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Елдегі сегіз автомобиль кәсіпорнында қызметкер саны 6,5 мыңға дейін өсті. Мультипликативтік нәтижені есепке алсақ, ол аралас, дилерлік орталықтағы жұмысшылардың саны 50 мыңнан асады.

Былтыр да әдеттегідей, жеңіл автомобиль өндірісінің үлесі басым болған. Көрсеткіштер алдыңғы жылмен шамалас – 133 978 (-0,1%). Сонымен қатар 7 705 жүк көлігі (-22,2%), 2 942 автобус (-6,1%), 2 141 тіркеме мен жартылай тіркеме және 665 басқа арнайы техника конвейерден түсті.

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) дерегінше Қостанайдағы Allur («СарыарқаАвтоПром») 2024 жылы 90 515 (жеңіл және жүк көліктерін қосқанда) техника құрастырған, ал алдыңғы жылғы нәтижесі – 90 230 (+0,3%). Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan 45 410 жеңіл автомобиль шығарды (-7,1%). СемАЗ-да (Семей) 4 271 коммерциялық техника конвейерге тұрды (+12,8%). Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында орналасқан QazTehna 1 576 коммерциялық техника жөнелтті (-12,5%). Көкшетаудағы «КАМАЗ Инжинирингте» 1 524 жүк көлігі (+15,5%), Алматыдағы Hyundai Trans Almaty зауытында 796 коммерциялық техника жасалса (-18,9%), Daewoo Bus Kazakhstan (Семей) 537 техника (-11,8%), «Уральскагрореммаш» 105 арнайы техника өндірген (-14,6%), басқа кәсіпорындардың көрсеткіші – 2 697.

Қаңтар мен желтоқсан аралығында көптеп шыққан бес бренд тізіміне (экспортты қосқанда) Hyundai (45 364), Chevrolet (39 349), Kia (24 111), Jac (13 682) және Jetour (11 305) енді. Ал модельдер арасында Chevrolet Cobalt (33 843), Hyundai Tucson (21 881), Kia Sportage (9 192), Hyundai Elantra (8 022) және Jetour X70 (5 259) басым.

Басқа материалдар

Back to top button