Биылдан бастап мопедті тіркеу міндетті: алматылық тұрғын бірінші болып нөмір тақты

Биыл сәуір айынан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске мопед жүргізушілерінің жауапкершілігіне қатысты түзетулер енгізіледі. Олар А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуға тиіс және басқа да жол қозғалысы қатысушылары сияқты заңды жауапкершілікке тартылады.
2024 жылы «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген түзетулердің негізгі мақсаты – мопед пайдалануды реттеу. Енді мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушысы және оларға барлық заң талаптары қолданылады. 2024 жылдың 11 қаңтарынан бастап пилоттық жоба аясында мопедтерді тіркеуге рұқсат беретін ережелер күшіне енді. Ішкі істер министрлігі тіркеу үшін қажетті құжаттардың тізімін әзірледі, ал мопедтің жақтауында сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда да тіркеу оңайлатылған тәртіппен жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Жол қозғалысы туралы заңның қолданыстағы нормасына сәйкес, максималды конструкторлық жылдамдығы сағатына елу шақырымнан асатын мопедтер тіркелуге тиіс.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қозғалтқыш көлемі елу текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және оның ең жоғарғы конструкторлық жылдамдығы сағатына елу шақырымнан аспайтын барлық мопед тіркеледі.