Бағдаршам

Аэрофобия қайта дендеді: расында қай көлік құралы ең қауіпсіз?

25 желтоқсанда Бакуден Грозный қаласына бет алған ұшақ Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Әуе кемесі ішінде 67 адам болған. Салдарынан 38 адам қаза тапты, 32 адам жарақат алды. Ұшақта алты қазақстандық бар.

Осы жағдайға байланысты JETEK әлем бойынша ең қауіпті және ең сенімді көлік құралдарына шолу жасады.

Қауіпсіз көлік құралы тізімінде бірінші орында ҰШАҚ тұр. Массачусетс технология институтының зерттеушілер тобы ақпаратына сәйкес, әлемде ұшақпен қатынау жыл сайын қауіпсіз болып келеді. Мамандар коммерциялық әуе сапарлары кезінде жолаушыладың қаза болу деңгейін де есептеген. 2018 және 2022 жылдар аралығында әлем бойынша бұл көрсеткіш әрбір 13,7 миллион жолаушыға шаққанда бір қазаны көрсеткен.

Зерттеу үшін ғалымдар ұшу қауіпсіздігі қорының, Дүниежүзілік банктің және халықаралық әуе көлігі қауымдастығының деректерін пайдаланған.

Ал IATA ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы саладағы өлім қаупі 0,11-ге тең болса, орташа есеппен адам 25 214 жыл бойы күн сайын ұшқан жағдайда апатқа ұшырауы мүмкін дегенді білдіреді.

Қауіпсіздік деңгейі бойынша екінші орында ПОЙЫЗ тұр. Халықаралық теміржол одағының (UIC) 2023 жылғы теміржол көлігіндегі қауіпсіздік жағдайы туралы деректеріне сәйкес, пойыздағы жазатайым оқиға саны 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 7%-ға қысқарды. Оның ішінде қайтыс болғандар тіркелетін апат саны 38%-ға азайған.

Одан кейінгі орында АВТОКӨЛІК пен АВТОБУС тұр. 2013 жылы Ян Сэвидж аспандағы және автомобильдегі апаттардың статистикасын салыстырып, көлікпен жүру 104 есе қауіпті екенін анықтаған.

Апаттың жиілігіне адам факторы әсер етеді – жұмыстан кейінгі шаршау, нашар көңілкүй немесе жүргізуші назарының басқа жаққа түсуі.

Біріккен ұлттар ұйымы ақпаратына сәйкес, жол апатынан көп жағдайда 5 жастан 29 жасқа дейінгі азаматтар қайтыс болады. Мұндай жағдай табысы төмен және орташа елдерде жиі кездеседі. БҰҰ ақпаратына сәйкес, жолдарда 1,2 млн адам қаза табады, 40-50 млн адам жарақат алады.

Қазақстанда 2024 жылы 28 255 апат тіркелген. Оның салдарынан 36 765 адам зардап шеккен, 2 326 адам қаза тапқан. Бас прокуратура сайтының құқықтық статистика бөлімінде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, елімізде жол апаты көп жағдайда елдімекендерде тіркеледі.

МОТОЦИКЛ мен МОПЕД әлемде ең қауіпті көлік түрі ретінде танылған. Мәселен АҚШ-та 2022 жылы мотоциклге қатысты 6 222 қаза тіркелді, бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш. Көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 23%-ға артқан. Тіпті елде мотоциклден болатын өлім-жітім көлік апатымен салыстырғанда шамамен 24 есе көп.

Басқа материалдар

Back to top button