Автонарық

Биыл қазақстандықтар қай елдерден жиі автокөлік тасыды

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 2024 жылы Қазақстанға ең көп көлік жеткізген ЕЭО-ға мүше емес бес мемлекет мыналар: Грузия (33 892), Қытай (22 042), Оңтүстік Корея (9957), БАӘ (4777), Моңғолия (3400).

2024 жылғы 13 желтоқсандағы статистикаға сенсек, жеке тұлғалар елге 75 851 жеңіл көлік кіргізген.

Биыл қазақстандықтар елге 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлікті аз әкелген, былтыр бұл көрсеткіш 90 111 болған. Бұл көліктердің бәрі ЕЭО-ға мүше емес мемлекеттерден келген.

Қазақстан азаматтары Қытай мен Кореядан жергілікті марка өнімдерін тасыған, ал Грузиядан келіп жатқан көліктер ол елге Солтүстік Америкадан жеткізілен. Олардың көбі бұрын апатқа ұшыраған – Қара теңіз жағасында жөндеуден өтіп, Қазақстанға жол тартады. Ал АҚШ-тан Қазақстанға 277 көлік кіргізілген. Олар елге тіке әуе жолы арқылы кірген жеткен болуы мүмкін.

ЕЭО-ға мүше елдер арасынан Қырғызстанды атап өткен жөн. Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми статистикасы бойынша 2023 жылдың 11 айында жеке тұлғалар көрші республикадан небәрі 63 автомобиль әкелген. Ал биыл 10 ай ішінде Қазақстан тұрғындары Қырғызстаннан 3318 көлік кіргізді. Яғни былтырғыдан 52,6 есе көп. Ең қызығы, бұл көліктер Қырғызстанның базарларында немесе автосалондарында сатылмаған. Көршілер қазір Кеден одағы аясында реэкспортер ретінде әрекет етіп жатыр.

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылдың 1 қаңтарында еліміздегі жеке тұлғалар меншігінде 4 460 186 жеңіл автомобиль бар екенін хабарлаған. Биыл 1 қарашада бұл көрсеткіш 4 736 559-ге жетті. 11 айда елде 276 373 машина жаңадан тіркелді. Ал Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, 2024 жылдың 11 айында ресми дилерлер 179 628 жаңа көлік сатқан.

Басқа материалдар

Back to top button