Бағдаршам

Ажалға асыққан Alphard: жапон минивэні неге жиі апатқа ұшырайды?

Соңғы жылдары Қазақстанда Toyota Alphard көлігіне қатысты жол апаты жиілеп кетті. Кілтипан неде: көлік осал ма, әлде жүргізушілер селқос па?

Бұған дейін Көлік министрлігіне қарасты Автокөлік және көліктік бақылау комитеті Toyota Alphard көліктерінің неліктен жиі апатқа түсетін себебін атаған. Комитеттің жауабынша, жол апатының көптігіне көліктің техникалық ақауы емес, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысып жүрген иелерінің жылдамдықты тым арттыруы және рулі оң жақта болғандықтан, басып озудың қауіптілігі түрткі болып отыр.

Бүгінгі күнге дейін Toyota Alphard көліктерінің техникалық ахаулар салдарынан апатқа ұшырау дерегі тіркелген жоқ. Мәселен, оң жақтағы рульдерді сол жаққа ауыстырудың салдарынан немесе тежегіштері істен шыққандықтан апат болған емес. Біз Ішкі істер министрлігімен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Автокөлікті бақылау басқармасының бас сарапшысы Қанат Қалмағамбетов.

Оның пікірінше, жол-көлік оқиғаларының барлығы жылдамдықты сақтамай, жолақтан өтіп, қарсы бағытқа шығудың салдарынан болған. Өздеріңізге белгілі, Toyota Alphard-тың рулі оң жақта орналасқан. Жүргізушісі қарсы бағытта келе жатқан автокөліктерді көрмей қалады. Төңіректі шолып шығу қиындайды. Сондықтан алдындағы көлікті басып озу үшін қарсы бағыттағы жолға толық шығып кетеді. Апаттар осының кесірінен болып жатыр.

«Заңға сәйкес, олар техникалық байқаудан жыл сайын өтуі тиіс. Бұл көліктер жолаушы тасымалдау үшін тіркеуге алынбайды. Өйткені рулі оң жағында орналасқан автокөліктердің такси қызметін көрсетуге заңмен тыйым салынған. СондықтанToyota Alphard иелері ресми тіркелмей, заңсыз тасымалдаумен айналысып жүр», – дейді Қанат Қалмағамбетов.

Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше адамның өмірі қиылған соңғы 5 жылдағы жол апатын (Toyota Alphard көлігіне қатысты) тізіп шығайық.

— 2020 жылдың ақпанында Самара-Шымкент бағытында жол апаты болды (Toyota Alphard қатысы бар): 2 адам қаза тапты, 2 адам ауыр жарақат алды;

— 2020 жылдың тамызында Ақтау-Жаңаөзен бағытында жол апаты болды (Toyota Alphard қатысы бар): 4 адам көз жұмды;

— 2021 жылдың мамырында жүкті әйелді мінгізген жедел жәрдем машинасы Toyota Alphard көлігімен соқтығысты;

— 2022 жылдың ақпанында Орал-Атырау жолында Toyota Alphard аударылып, бір адам қаза тапты, бір адам ауруханаға жеткізілді;

— 2022 жылдың сәуір айында Самара-Шымкент бағытында жол апатынан (Toyota Alphard қатысы бар) 7 адам зардап шекті;

— 2022 жылдың маусымында Жетісу облысында жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), 2 адам қаза тапты, 8 адам зардап шекті;

— 2022 жылдың шілдесінде Ақтөбе облысында қауіпсіз жағдайда алдындағы көлікті басып озбақ болған Toyota Alphard апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты;

— 2022 жылдың қазанында Жамбыл облысында жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), бір адам қаза тапты, үш адам зардап шекті;

— 2022 жылдың қазанында Павлодар облысында жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), бір зейнеткер көз жұмды;

— 2023 жылдың ақпанында БҚО-да жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), 2 адам қаза тапты;

— 2023 жылдың ақпанында Самара-Шымкент бағытында жол апаты болды (Toyota Alphard қатысы бар): 2 адам қаза тапты, 5 адам ауыр жарақат алды;

— 2023 жылдың мамырында СҚО-да жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), бір адам қаза тапты, 5 адам ауыр жарақат алды;

— 2023 жылдың Қостанай облысында жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), әкесі мен ұлы көз жұмды;

— 2023 жылдың шілдесінде Қостанай-Сарыкөл бағытында жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), екі жүргізуші мерт болды;

— 2023 жылдың шілдесінде Самара-Шымкент бағытында адам өліміне әкелген жол апаты болды (Toyota Alphard қатысы бар);

— 2023 жылдың тамызында Қарағанды-Балқаш бағытында жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), 13 адам зардап шекті;

— 2023 жылдың тамызында Самара-Шымкент бағытында Toyota Alphard аударылып, кісі өлді;

— 2023 жылдың тамызында Қостанай облысында жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), жолаушы тірідей өртеніп өлді;

— 2023 жылдың қарашасында Тараз қаласында Toyota Alphard мінген көлік  жол бойында отырған ер адамды қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетті;

— 2023 жылдың желтоқсанында Ақтөбе облысында Toyota Alphard пен жүк көлігі соғысып, екі оқушы қаза тапты;

— 2023 жылдың ақпан айында Қызылорда облысында қызмет бабымен жүрген «ҚазАвтоЖол» компаниясының қызметкері жол апатынан қаза тапты. Жол апатына кінәлі — Toyota Alphard жүргізушісі болып шықты;

— 2024 жылдың маусымында Ақтөбеде жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), 4 адам қаза тапты;

— 2024 жылдың тамызында жол апаты болып (Toyota Alphard қатысы бар), 6 адам қаза тапты. Оның екеуі – полиция өкілдері.

Басқа материалдар

Back to top button