Бағдаршам

Ақылы жолдардың төлеміне қатысты ереже өзгереді

Елімізде ақылы жолдарға қатысты талап өзгереді. Енді жол ақысын кешіктіріп төлегені үшін бірден айыппұл салынбайды. Егер жүргізуші ақылы жолдан өткен соң 7 күн ішінде төлем жасамаса, 8-ші күні іс тиісті органдарға жіберіледі. Оның соңы айыппұлға әкеледі.

Ал жаңа тәртіп бойынша қарапайым жүргізушілерге отыз күн уақыт беріледі. Яғни ақылы жолмен жүріп өткен күннен бастап бір ай ішінде төлем жасаса, ешқандай шара қолданылмайды. Тек отыз күн өтсе, отыз бірінші күні ғана іс қарауға жіберіледі.

Бұл өзгеріс халыққа ыңғайлы болу үшін жасалып отыр. Көп жағдайда адамдар ұмытып кетеді, не уақытында төлей алмай қалады. Енді асықпай төлеуге мүмкіндік бар.

Осы уақытқа дейін жеке және заңды тұлғаларге бөлек талап болмаған. Енді жеке механизм енгізіледі. Жаңа талапқа сәйкес, заңды тұлға есептік кезеңнен кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көлік бақылау органдарына жолданады.

Мұндай ұсыныс төлемді ыңғайлы етуге, мерзімін ұлғайтуға, әкімшілік жауапқа тартылу қаупін азайтуға бағытталған.

Айыппұл мөлшері өзгермейді. Жеке жүргізушілер үшін – бес айлық есептік көрсеткіш, ал мекемелер үшін – он айлық есептік көрсеткіш.

Қазақстанда жалпы ұзындығы 3 931 шақырымды құрайтын 20 ақылы учаске бар. Оның ішінде: І техникалық санаттағы 11 учаске, ІІ және ІІІ техникалық санаттағы 9 учаске.

Бірінші ақылы учаске: «Астана – Щучинск». Бұл автожол 2013 жылдан бастап ақылы.

2019 жылдың қаңтарынан бастап ақылы негізде «Астана – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қонаев» жолдары іске қосылды.

2021 жылдың 23 қарашасынан бастап ақылы негізде «Астана – Павлодар», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы», «Қонаев – Талдықорған» және «Щучинск – Көкшетау» жолдары іске қосылды.

2023 жылы кезең-кезеңімен «Павлодар – Қалбатау»; «Бейнеу – Ақжігіт», «Орал – Самара»; «Павлодар – Омск»; «Көкшетау – Петропавл»; «Орал – Саратов» автожолдарының тағы 6 ақылы учаскесі ақылы негізде іске қосылды.

2025 жылдың 26 қаңтарынан бастап ақылы негізде «Қызылорда – Арал» учаскесі іске қосылды.

2025 жылдың 22 ақпанынан бастап ақылы негізде «Қостанай – Троицк», «Ақтөбе – Оренбург» жолдары іске қосылды.

Басқа материалдар

Back to top button