Автонарық

Қазақстанда бензин бағасы көрші елдермен шамалас болады

Қазақстанда жанармай құны баяу өсіп жатыр. Шілдеде жанармай құятын ірі желілер бағаны бірнеше рет өзгертіп, әр литріне 1-2 теңге қосты. Қазір Алматыда АИ-92 маркалы бензин 218–222 теңгеге сатылып жатыр. Ең қымбаты Qazaq Oil бекеттерінде, ал Helios, Sinooil және Royal Petrol бағаны 218 теңге деңгейінде ұстап тұр.

Оңтүстік астанада АИ-95 бекеттің бренді мен 95-тің типіне байланысты 272–284 теңге тұрады. G-Drive, Prime сияқты фирмалық бензин бірнеше теңге қымбатқа түседі. Маусымда қалада АИ-95 жанармайы 271–275 теңгеден саудаланған.

Дизельдің әр литрі 2-4 теңге қымбаттады. Helios пен Royal Petrol-да өсім ең аз болды, олар солярка бағасын 312-ден 314 теңгеге көтерді. Ал Qazaq Oil мұндай отынды қазір 315 емес, 319 теңгеге беріп жатыр.

Республикалық маңызы бар басқа қалаларда да жанармай қымбаттады. Атап айтқанда, Астанада АИ-92 қазір 214–217 емес, 218–222 теңге тұрады, ал АИ-95 бағасы 265–273 теңгеге (+2-7 теңге) жетті. Дизель құны 311–314 теңгеден 314–315 теңгеге өсті.

Шымкентте АИ-95 – орта есеппен 2 теңге, АИ-92 бензині 2-3 теңге қымбаттады. Дизель бағасында да осындай өзгеріс бар.

Бұл айда бірнеше өңірде 95-бензин тапшы болды. Автотуристер багын толтыра алмай қиналды, өйткені бекеттер отынды шектеулі мөлшерде сатты не тек талонмен таратты.

Жанармай бағасы шарықтай береді. Бүгін брифингте вице-министр Роман Скляр осылай деді. Оның сөзінше алдағы уақытта отын құны көрші елдермен шамалас болады.

«Бензин мен дизель біздің елде көршілерге қарағанда арзан, оның үстіне шетелге кетіп жатыр. Транзиттік көліктер багын арзан жанармайға толтырып алады. Сондықтан бағаны теңшейміз. Өндіріс көлемін арттыру мәселесіне келер болсақ, Шымкенттегі мұнай өңдейтін зауыттың екінші кезегін салу жоспарда бар, қазір жұмыс істеп жатқан зауыттардың да өнімділігін арттырамыз», — деді Роман Скляр.

Еске салайық, жыл басында Энергетика министрлігі мұнай өнімдерінің бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартуды ұсынды. Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасы литріне 205 теңге, Ресейде 288 теңге, Қырғызстанда 385 теңге, Өзбекстанда 489 теңгені құрайды. Қазақстанда дизель отыны литріне 295 теңге, Ресейде 355 теңге, Қырғызстанда 427 теңге, Өзбекстанда 528 теңге тұрады.

Басқа материалдар

Back to top button