Бағдаршам

Мопедшілер білуге тиіс 22 ереже

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда тіркелген мопедтердің саны 30 мыңға жуық. 2025 жылдың сәуірінен бастап Қазақстанда мопед жүргізушілері толыққанды жол қозғалысына қатысушылар ретінде тіркелді. Енді олар көлік құралын арнайы ХҚКО-да тіркеп, мемлекеттік нөмір алуға, жүргізуші куәлігіне ие болуға және сақтандыру рәсімдеуге міндетті. Бұл талаптарды орындамағандарға айыппұл салынып, мопедтері тәркіленеді.

  1. Мопед жүргізушісі веложолақпен, жол жиегімен және тротуармен жүре алмайды.
  2. Кемінде бір қолымен рөлді ұстауы керек. Телефонды гарнитурамен ғана қолдануға болады.
  3. Скутер арнайы жабдықталмаса, жолаушы тасымалдай алмайды. Техникалық паспортта орын саны екеу деп көрсетілсе, артына бір адам отыра алады.
  4. Мас және 16 жасқа толмаған жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады.
  5. Жүк таситын арнайы құрылғы болмаса тасымалдауға тыйым салынады. Жүк көлік габаритінен 50 см-ден артық шығып тұрмауы керек. Басқаруға кедергі келтіретін жүкпен жүруге болмайды.
  6. Мопедті бір дөңгелегін көтеріп жүргізуге және оны басқаруға арналмаған жерге жайғасуға рұқсат жоқ. Жолаушылардың қозғалыс кезінде аяқ тірегішке не отырғышқа тұрып алуына тыйым салынады.
  7. Скутермен автомагистральге шығуға рұқсат берілмейді.
  8. Мопедті сүйрегіш ретінде пайдалануға немесе басқа көлікпен сүйреуге болмайды. Бірақ мопедпен бірге пайдалануға болатын арнайы тіркемені қолдануға рұқсат етіледі.
  9. Мопедте отырып жаяу жүргінші өткелімен жүруге тыйым салынады. Тек жаяу жүргінші ретінде өтуге болады.
  10. Жүргізуші жолға шыққанда бекітулі шлем киюге міндетті. Жолаушысы болса, ол да бұл ережеге бағынуға тиіс.
  11. Мопед жүргізушілері жол ережесін, жол белгілері мен таңбаларын сақтауға, бағдаршам сигналы мен реттеушінің талаптарын орындауға міндетті.
  12. А1 категориясындағы мототехниканы басқару үшін осы санаттағы жүргізуші куәлігі керек. Бірақ В санатындағы құжат та жарайды. Қазақстанда мопедке 16 жастан бастап отыруға болады.
  13. Скутермен жалпы жолда жүру үшін ол міндетті түрде тіркелген және артында мемлекеттік нөмірі болуға тиіс.
  14. Жүргізуші куәлігі мен техникалық паспорттың өзі немесе телефонда электронды нұсқасы болуы керек. Жеке куәлік те жарайды.
  15. Құжат пен техпаспортсыз жүрген жағдайда қанша айыппұл салынады? Әкімшілік кодекстің 612-бабына сәйкес куәліксіз скутер басқарған жүргізуші 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.
  16. Жүргізуші куәлігінен айырылған адам рөлге отырса 50 АЕК (196 600 теңге) төлейді немесе 10 тәулікке қамалады.
  17. Мопедті куәлігінен айырылған немесе куәлігі жоқ адамға беру — 50 АЕК.
  18. Мемлекеттік нөмірі жоқ немесе дұрыс тіркелмеген мопед тізгіндеу — 10 АЕК (39 320 теңге);
  19. Жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмір тағу — 15 АЕК (58 980 теңге);
  20. Тежеуіш жүйесі не рөлі істемейтін техниканы тізгіндеуге болмайды.
  21. Қараңғыда жарық шамдары жоқ жолдарда не төңірек жақсы көрінбейтін кезде мопедтің фары мен артқы габариттік шамы істеп тұруы керек. Ал жарық уақытта күндізгі жүріс шамы не жақынға түсетін фары қосулы болуға тиіс.
  22. Мопедке қызметтік көліктердікі сияқты жыпылықтайтын құрылғылар мен сирена орнатуға және арнайы түстерге бояуға тыйым салынады. Жарық беретін аспаптар қоюға да болмайды.
  23. Мемлекеттік нөмір белгіленген орында тұруы қажет.
  24. Мопедшілер де жеңіл көлік иелері сияқты техникасын жол ережесінде аталған жерлерге қоя алмайды. Одан бөлек мототехниканы электрокар қуаттайтын станцияның қасына (егер қуаттамайтын болса), көгалға және балалар алаңына қалдыруға рұқсат жоқ.

Басқа материалдар

Back to top button