Cobalt, Ravon, Matiz: Яндекс «комфорт» тарифінен бірнеше модельді алып тастайды

Биыл 15 тамыздан бастап Қазақстанда таксиге қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді. Осыған байланысты Яндекс.Такси «комфорт» тарифінен бірнеше танымал автокөлік моделін алып тастамақ.
Енді бұл көліктер шыққан жылына, жабдықталуына қарамастан «комфорт» санатындағы тапсырыстарды орындай алмайды.
15 тамыздан бастап «комфорт» тарифіне қосуға тыйым салынатын танымал автомодельдер:
- Chevrolet Cobalt
- Ravon R4
- Changan Alsvin
- Daewoo Matiz
Алайда, бұл өзгерістер қосымшада 15 тамыздан бастап жаңадан тіркелетін көліктерге қатысты. Ал, 15 тамызға дейін тіркеліп, кем дегенде бір тапсырыс орындағандар қалыпты жұмыс істей береді.
«Комфорт» тарифінен алынып тасталған модельдер «эконом» және «жеткізу» тарифтерінде жұмыс істей алады.
Яндекс.Такси қызметінің хабарлауынша, автокөліктің тарифке сәйкестігін анықтау үшін мынадай маңызды факторлар ескеріледі:
- Көлік моделі: 4 немесе одан да көп есігі бар автомобильдер мен рулі сол жағындағы көліктер ғана;
- Көліктің шыққан жылы (көлік құралының паспорты);
- Көліктің толық жабдықталуы (комплектация).
Еске салайық, Қазақстан нарығында Chevrolet маркалы жаңа автокөліктердің бағасы 1 млн теңгеге дейін арзандады. Бұл ақпаратты Chevrolet брендінің Қазақстандағы ресми дистрибьюторының баспасөз қызметі растады.