Шымкентте сатылған су жаңа қытай көлігінен ақау шықты

Шымкенттегі автосалондардың бірінде ақауы бар су жаңа көлік сатылған. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
2025 жылдың мамырында Түркістан облысының тұрғыны Шымкент қаласындағы автосалоннан кепілдігімен жаңа қытай көлігін сатып алады. Алайда алғашқы күннен бастап көліктің трансмиссия мен басқару электроникасы жүйесінде ақау пайда бола бастайды. Көлік бірнеше мәрте жөндеуге тапсырылса да, мәселе толық шешілмей, ақау қайталанып отырған.
Автосалонға ресми шағым жіберіп, көлікті жаңасына ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды талап еткен тұтынушы нақты жауап ала алмаған. Содан кейін ғана ол Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Мекеме қызметкерлері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сай шара қабылдап, жағдайды жан-жақты тексереді. Қорытындысында тұтынушының талабы қанағаттандырылып, оның құқығы толықтай қорғалған.
Сауда министрлігі бұ жағдайға қатысты «Бұл оқиға — құқықтық тетіктерді дұрыс қолдана білудің және уақтылы арызданудың тиімді үлгісі», деп жазды.
Тұтынушылар құқығын қорғау мекемесі азаматтарға қандай да бір тауар немесе қызмет сапасына күмән туындаған жағдайда, заңмен белгіленген тәртіппен тиісті орындарға жүгінуге кеңес берді.