Сервисі қымбат «сәйгүліктер»: BMW, Audi, Mercedes

Көлік алу – оңай, ал қымбат көлікті бабында ұстау қиын. Әсіресе, неміс көліктері. YourMechanic, Consumer Reports, RepairPal сияқты сараптамалық ұйымдардың мәліметіне сүйенсек, қызмет көрсету ақысы қымбат шығатын автокөлік маркаларының арасында неміс көліктері көш бастап тұр.
Мәселен, BMW маркалық автокөлікті баптау қызметіне 10 жыл ішінде шамамен 18 мың доллар жұмсауыңыз мүмкін. Бұл эконом кластағы су жаңа қытай көлігінің бағасы.
Жалпы, неміс маркалы автокөліктердің бөлшектері қымбат. Әсіресе, BMW бөлшектері қытай немесе корей көліктерімен салыстырғанда едәуір қымбат. Сондай-ақ BMW көліктері жиі май, сүзгілер және басқа да шығын материалдарын ауыстыруды талап етеді. Тежегіш колодкалары мен амортизаторлары тез тозады.
Mercedes-Benz маркалы көліктер де қалыспайды. Автосервис үшін 10 жыл ішінде 13 мың доллар жұмсауыңыз мүмкін. Бұл дегеніңіз – ипотекаға пәтер алғысы келген астаналықтардың бастапқы жарнаға салатын қаржысынан да көп.
Швед автокорцерні шығаратын Volvo көліктері де осы шамалас. Көпшілік арасында Volvo қауіпсіздік пен сенімді көлік ретінде мәртебесі болғанымен, оның қызмет көрсетуі ақысы қалтаны қағады. Оған қоса, сервис орталықтары тым аз (әсіресе, Қазақстанда). Қосалқы бөлшектерінен Қазақстан автобазарларынан табу қиын, кейбірін тек Еуропадан алдырасыз.
Audi маркалы көліктерге қызмет көрсету ақысы 10 жыл ішінде 12,5 мың долларға дейін жетеді. Бөлшектері қымбат. Майын ауыстыру, сүзгілері мен колодкаларын жаңарту – бәрі премиум деңгейде.
Бұл тізімге басқа да автобрендерді қосуға болады: Land Rover мен Range Rover, Porsche көліктері де бай-бағландар мінбесе, қарапайым жандардың қалтасына салмақ салады.