Жүргізуші куәлігін алу немесе ауыстыру қызметі тек онлайн болады

Жүргізуші куәлігін алу немесе ауыстыру жайлы өтінім «ЦОН» және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы немесе eGov.kz порталы арқылы қабылданады.
Бұл пилоттық жобаны – жүргізуші куәлігін беру және ауыстыру қызметін онлайн форматқа көшіру туралы бірлескен бұйрық жобасын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ішкі істер министрлігі әзірледі.
Құжатқа сәйкес жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін өтінім арнайы ХҚКО-дан бөлек, «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы да қабылданады. Куәлік ауыстыру бойынша өтінім тек онлайн – eGov Mobile қосымшасы немесе eGov.kz порталы арқылы жүзеге асады.
Жобада бұл қызмет сынақтан қашан өтетіні нақты көрсетілмеген, бірақ іске асыру мерзімі (яғни пилоттық кезеңнің аяқталуы, нәтижесін қорытындылау және тұрақты негізге көшіру) 2026 жылдың 30 маусымына дейін белгіленген.