Ұрланған көлік үшін салық төлеу міндетті ме – білмегенге 10 қадам

Ұрланған автомобиль үшін салық төленбейді. Ол үшін Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестрінде ұрланғаны туралы өтініш тіркелгенін растайтын полиция анықтамасын алып, оны тұрғылықты жері бойынша салық органына тапсыру керек.
Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестрінде өтініш тіркелген күннен бастап қылмыстық іс тоқтағанға дейін немесе автомобиль қайтарылғанға дейін көлік иесіне салық салынбайды.
Осы мақсатта JETEK редакциясы оқырманға қате есептелген салықты түзетуге болатын гайдты ұсынып отыр.
Мемлекеттік кірістер комитетіне тиесілі e-Salyq мобильді қосымшасында көлікке қате есептелген салықты түзетуге болатын функция бар. Қосымшаны App Store және Play Market-тен жүктеуге болады.
Қосымшада түзету енгізу үшін келесі әрекеттерді орындау керек:
- мобильді қосымшаға кіру;
- «Салық әмияны» сервисіне кіру;
- «Салық салу объектілері» бөлімін таңдау;
- «Түзетуге өтініш» бөлімін таңдау;
- «Көлік құралым бойынша қате мәлімет туралы хабарлау» бөлімін таңдау;
- Өтініш түрін таңдап, қажет мәліметтерді енгізу.
Осылайша салық салу нысандары туралы ақпаратты жаңарту үшін өкілетті органдарға (ІІМ әкімшілік полиция комитеті мен «Азаматтарға арналған үкімет») электронды өтініш жіберуге болады.
Өтінішті келесі төрт негізгі санат бойынша беруге болады:
- Көлік маған тиесілі емес – мәліметтер базасында иесіне тиесілі емес көлік құралы болса.
- Көлік туралы ақпаратты түзету – көлік құралының санатын, қозғалтқыш көлемін, мемлекеттік нөмірін және тіркеу күнін түзеу.
- Көлік құралы базада жоқ – атыңызда еш көлік құралы болмаған жағдайда.
- Көлік ұрланып кеткен – ұрланып кеткен көлігіңіздің салығы сіздің атыңызға келсе, мобильді қосымша арқылы түзету енгізе аласыз.