Автонарық

Малайзияның ірі автокомпаниясы Қазақстан нарығына кіруді жоспарлап отыр

Proton Holdings Berhad компаниясы енді Қазақстанда e.MAS электромобильдерін шығаруы мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың шетелдік компания басшылығымен кездесуінде айтылды.

Кездесуде Proton компаниясы e.MAS электромобильдерін шығару жоспарымен таныстырды.

Ұлттық даму институттарының қатысуымен Қазақстанда өндірісті орналастыру перспективалары, жобаның экспорттық әлеуеті мен технологиялық базасы, сондай-ақ өнімнің ЕАЭО талаптарына техникалық және экологиялық сәйкестігі мәселелері талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша жол картасын дайындау үшін бірлескен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Proton Holdings Berhad – малайзиялық ірі автоалпауыт. Ел үкіметінің араласуымен ұлттық автомобиль бренді ретінде құрылған. Ең алғашқы Proton 1985 жылы шығара бастады. Ал 2024 жылдың соңында нарыққа тұңғыш электромобилін таныстырды. Жаңа модель e.MAS 7 кроссовері 24 мың долларға бағаланды.

Қазақстанда жеңіл автокөлік нарығы ұлғайып келеді. Министрлік дерегінше, былтыр 134 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылды. Елімізде KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, Jetour брендтері жұмыс істейді. 2025 жылы Алматы мен Қостанайда жалпы қуаттылығы жылына 190 мың автокөлікке дейін жететін екі жаңа зауытты іске қосу жоспарлануда.

Басқа материалдар

Back to top button