Автонарық

Volkswagen көліктері Өзбекстанда шығарылмақ

Volkswagen көліктері Өзбекстанда шығарыла бастайды. Неміс компаниясы Alyans Auto-мен бірлесіп автокөлік өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Volkswagen Passenger Cars компаниясының сатылым, маркетинг және сатудан кейінгі қызмет көрсету жөніндегі басқарма мүшесі Мартин Сандер LinkedIn парақшасында хабарлады.

Компания өкілінің айтуынша, Өзбекстанда халық табысының артуы мен орта таптың өсуіне байланысты автокөлік нарығында серпіліс күтіліп отыр. Неміс көліктеріне деген сұраныс та артып келеді.

Жаңа өндіріске керек бөлшектер Қытайдан жеткізіледі. Логистикалық жақындық бұл жобаны тиімді етуге және көмірқышқыл газды барынша азайтуға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.

Өндіріс Alyans Auto компаниясының қатысуымен жолға қойылмақ. Бұған дейін аталмыш компания Jizzakh Auto атауымен танымал болған. Volkswagen, Škoda мен Jetta брендтерінің ресми дистрибьюторы.

Volkswagen компаниясы 2025 жылы корпоративтік аудит нәтижесінде UzAuto-ның еншілес ұйымы ребрендинг жасап, Alyans Auto атауымен жұмысын жалғастырғанын мәлімдеді. Volkswagen көліктері енді өзбек көшелерінде жиі көруге болады.

Басқа материалдар

Back to top button