Автокөлік әйнегін қараңғылау: сарапшы «тонировка» мәселесіне пікірін қосты

Соңғы уақытта қоғамда автокөлік әйнегін қараңғылау тақырыбы күн тәртібіне қайта шықты. «QazAutoStandard» автокөлік сарапшылары мен аудиторлар қауымдастығының президенті Ербол Сейпілов автокөліктің алдыңғы әйнегін қараңғылау жасауға рұқсат бермес бұрын қарастыруға тиіс мәселелерді айтты.
- пленканың сапасын бақылау механизмін әзірлеу;
- жарықты өткізу талаптарына (кемінде 70%) сәйкестікті қамтамасыз ету;
- сәйкестікті растау үшін техникалық тексеру немесе аккредиттелген зертханаларда сынақтан өту тәртібін енгізу.
Сарапшының айтуынша, климаты ыстық елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қараңғылау келесі артықшылықтарға ие:
- ультракүлгін сәулелердің әсерін азайтады;
- дененің қызып кетуінен қорғайды;
- салон ішін сырттан көрінбейтін етіп, ұрлық қаупін азайтады;
- жол-көлік оқиғасы кезінде әйнек сынықтарын ұстап тұру арқылы жарақат алу қаупін төмендетеді.
Алайда бұл артықшылықтардың барлығы заң талаптары қатаң сақталған жағдайда ғана іске асады.
Жарық өткізу нормаларын бұзу – жүргізушінің алдыңғы көрінісін нашарлатып, жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады. Сарапшы сондықтан кез келген өзгеріс мемлекеттік органдар тарапынан нақты бақылау және басқару жүйесімен бірге жүруге тиіс деп есептейді.
Еске салайық, Қазақстанда қолданыстағы жол қозғалысы қағидаларына (ІІМ-нің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығы) сәйкес, жүргізушінің көріну аймағын шектейтін немесе жарақат қаупін тудыратын заттарды автокөлікке орнатуға тыйым салынады.