Автонарық

Наурыз нарығындағы ТОП-5: Hyundai, Chevrolet, Kia, Jetour, Chery

Қазақстан автокөлік одағы (ҚАО) мәліметінше, биыл наурызда 19 629 жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника сатылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23,4% жоғары. 

Жалпы бірінші тоқсанда жаңа 46 843 автомобиль сатылса, былтыр осы кезеңде 39 439 көлік иесін тапқан (+18,8%).

«2024 жыл Қазақстандағы жаңа автомобиль саудасы тарихындағы рекорд кезеңі болды. Биыл бізді соған жақын жоғары нәтиже де күтетін сияқты. Мамырда 20 000 көлік сатылуы – былтырғыдан әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Жалпы сауда қарқыны артып келеді. Бұл рекордтың артында ресми ойыншылардың ерен еңбегі жатқанын атап өткен жөн. Дәл сол дилерлер қазір жеңілдікті несие бағдарламаларын іске қосып, кепілдік бойынша қызмет көрсетумен байланысты бонусты жобалар ұсынып жатыр. 2025 жылды индустриядағы ресми ойыншыларға клиенттердің ұзақ уақыт сенім артуына бастау болған жыл деп атағымыз келедi», — дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Ең көп өткен автомобильдер көшін әдеттегідей Hyundai (4 472; былтырғы наурызбен салыстырғанда +32,8%) бастады. Chevrolet (2 738) екінші орын алды (+99,3%). Үшінші қатардағы Kia дилерлері 2 120 модель сатқан (+17,1%). Jetour осымен екінші ай қатарынан төртінші сатыға тұрақтады (1 362; +74,4%). Ал бесінші орын 1 350 автомобилі өткен Chery моделіне бұйырды (+2,7%). Одан бөлек тізімге Haval (1 288; +14,6%), Jac (1 071; +54,3%), Geely (1 021; +45,6%), Toyota (862; -21,2%) және Changan (703; -42,1%) енді.

Наурыз айында ең танымал болған топ-10 модель арасында Chevrolet Cobalt (2 236) бірінші тұр. Содан кейін тізімде Hyundai Tucson (1 692), Kia Sportage (1 090), Hyundai Mufasa (955), Haval M6 (607), Chery Tiggo 2 (532), Hyundai Elantra (529), Hyundai Santa Fe (524), Geely Emgrand (493) және Jac S3 (461) бар.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша брендтер қатарында Hyundai (11 705; +26,2%) ешкімге дес берер емес, екінші жүлдеге 6 009 автомобилі сатылған Chevrolet ие болды (+80,1%), үштікті Kia (4 905; +0,6%) түйіндеді. Ал Jetour дилерлері 3 103 машинаның кілтін тапсырса (+61,2%), бесінші сатыдағы Chery моделінің 3 097 моделі өтті (-10%).

Басқа материалдар

Back to top button