Алматыдағы мопедшілер шеруі: заң не дейді?

Әлеуметтік желіде алматылық мопедшілердің жол ережесін бұзып, бұзақылық жасаған сәтінен бірнеше видео тарады. Желідегі видеоның қашан түсірілгені нақты жазылмаған, бірақ оқиға шамамен 16 наурызда болғанға ұқсайды.
Бір кадрда Гоголь көшесі мен Абылай хан даңғылы қиылысында бағдаршамда тұрған 15-ке жуық мопедші полиция көлігін көрген бетте қызыл сигналға қарамай, солға бұрылып кетеді. Полиция бір ғана жүргізушіні ұстай алған.
Тағы бір роликте мопедшілер клубы жиналатын орын көрсетілген. Ол Алматы іргесіндегі Абай ауылының маңы болуы мүмкін. Сонда топтасқан көптеген мопед жүргізушілері жол ережесін елемей Райымбек даңғылы бойымен қалаға бет алған. Абылай хан бойындағы жаяу жүргіншілер өткелінен ондаған мопедші бір мезгілде өтіп, Жібек жолы көшесіндегі Арбатта жолаушылар арасында жүрген.
Осы демалыста тұрғындар мопед мінген жастардың жолда ғана емес, қаладағы тұрғын үй аулаларында да тәртіп бұзғанын хабарлады. Олар дыбыс басқышы жоқ мопедпен тыныштықты бұзып, алдыңғы дөңгелегін көтеріп трюк жасаған, өзара жарысып, жұрттың мазасын алған.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жол ережесін бұзған мопед жүргізушілерін ұстаған. Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы («Жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол қозғалысы ережелерін бұзуы») және 620-бабы («Көлік құралын тоқтату туралы талапты орындамау») бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар заң бұзған мопедтер арнайы айыппұл тұрағына жеткізілді.
Алматы қалалық полиция департаменті мопед иелеріне 2025 жылдың 5 сәуіріне дейін көлік құралдарын міндетті түрде тіркеуден өткізу қажеттігін ескертеді.
Биыл сәуір айынан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске мопед жүргізушілерінің жауапкершілігіне қатысты түзетулер енгізіледі. Олар А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуға тиіс және басқа да жол қозғалысы қатысушылары сияқты заңды жауапкершілікке тартылады.