Бағдаршам

11 наурыздан бастап көлік иелері салық төлейді

Жеке тұлғалар 2024 жылғы көлік салығын төлейтін мерзім биыл 1 сәуірде аяқталады. Мемлекеттік кірістер комитеті оны 2024 жылғы АЕК мөлшерінде (3692 теңге) есептейді.

Тиісті ақпаратты автомобиль иелері 2025 жылғы 11–31 наурыз аралығында банктердің мобильді қосымшасы арқылы алады. Жүргізушілер соманы kgd.gov.kz веб-порталы немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын пайдаланып есептей алады.

Сондай-ақ kgd.gov.kz веб-порталындағы «Жеке тұлғалар төлейтін төлем» сервисі, e-Salyq Azamat және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасында мәлімет пайда болады.

Салық төлемеген жүргізуші 2 сәуірден бастап берешек туралы хабарлама алады әрі өсімпұл қосылады. 1 АЕК-тен (3692 теңге) асатын қарыз туралы хабарлама жіберген сәттен 30 жұмыс күні өткен соң Мемлекеттік кірістер комитеті автоматты түрде салық бұйрығын шығарады.

Борышкер салық бұйрығын алған соң 5 жұмыс күні ішінде қарызын төлемесе, іс сот орындаушының қолына өтеді. Олар борышкердің банк шотын бұғаттап, шетелге шығуына шектеу қоюға және басқа санкциялар қолдануға құқылы. Қарыз үстіне сот орындаушының қызмет ақысы да қосылады.

Жаңа Салық кодексі бойынша ескі көліктерге салынатын салық мөлшері азаяды деген жоспар болған. Бірақ бұл жеңілдік келер жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Оған дейін ескі машина мініп жүрген азаматтар бұрынғы тариф бойынша төлем жасайды.

Басқа материалдар

Back to top button