Қазақстанда ақылы жолдармен кімдер тегін жүре алады?

Қазақстанда жалпы ұзындығы 3 931 шақырымды құрайтын 20 ақылы учаске бар. Оның ішінде: І техникалық санаттағы 11 учаске, ІІ және ІІІ техникалық санаттағы 9 учаске.
Бірінші ақылы учаске: «Астана – Щучинск». Бұл автожол 2013 жылдан бастап ақылы.
2019 жылдың қаңтарынан бастап ақылы негізде «Астана – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қонаев» жолдары іске қосылды.
2021 жылдың 23 қарашасынан бастап ақылы негізде «Астана – Павлодар», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы», «Қонаев – Талдықорған» және «Щучинск – Көкшетау» жолдары іске қосылды.
2023 жылы кезең-кезеңімен «Павлодар – Қалбатау»; «Бейнеу – Ақжігіт», «Орал – Самара»; «Павлодар – Омск»; «Көкшетау – Петропавл»; «Орал – Саратов» автожолдарының тағы 6 ақылы учаскесі ақылы негізде іске қосылды.
2025 жылдың 26 қаңтарынан бастап ақылы негізде «Қызылорда – Арал» учаскесі іске қосылды.
2025 жылдың 22 ақпанынан бастап ақылы негізде «Қостанай – Троицк», «Ақтөбе – Оренбург» жолдары іске қосылды.
Қазақстанда ақылы жолдардың саны жыл өсіп келеді. Алайда кей санаттағы көлік жүргізушілері бұл жолдарды тегін пайдалана алады.
АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТТЕР
Мемлекеттік және әлеуметтік маңызды қызметтерді атқаратын арнайы көліктер ақылы жолдардан тегін өтеді. Оларға мыналар жатады:
- Жедел жәрдем көліктері
- Апаттық-құтқару қызметтері (төтенше жағдай орындарына алғашқы болып жететін көліктер)
- Құқық қорғау органдары (полиция және басқа да құрылымдар)
- Қарулы күштер мен әскери құрылымдар
- Көлік бақылау қызметтері (жол қауіпсіздігін қадағалайтын органдар)
- Ақылы жолдарды күтіп-ұстауға жауапты ұлттық операторлар мен концессионерлер
- Қоғамдық көлік пен ауыл шаруашылығы техникасы
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫ
Келесі санаттағы көліктер де ақылы жолдармен тегін жүруге құқылы:
- Қала маңына және елді мекендер арасындағы тұрақты жолаушылар тасымалдаушы автобустар
- Бір ауданның ішінде бөгеттер мен теміржол өткелдерінен өтуге арналған жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникасы
ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР
Ақылы жолдарға жақын орналасқан аудандардың тұрғындарына белгілі бір шектеулермен тегін жүруге рұқсат етіледі. Бұл жеңілдік келесі көліктерге қатысты:
- Тиісті ауданның ішінде тіркелген жеңіл автокөліктер (егер олар сол әкімшілік-аумақтық бірлікте қозғалса)
- Бір ауданның шегінде жолаушылар тасымалдайтын автобустар
АРДАГЕРЛЕР
Ұлы Отан соғысының ардагерлері ақылы жолдарды тегін пайдаланады. Оларға тиесілі жеңіл автокөліктер жол жүру ақысын төлеуден босатылады.