«Жаза сол күйі қалады». ІІМ мас жүргізушілерге жеңілдік қарастырылмайтынын айтты

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха ведомство мас күйінде көлік айдаған жүргізушілерге қатысты жазаны жеңілдетуді қарастырмайтынын айтты. Оның айтуынша, қазірдің өзінде (қатаң жаза қолданса да – ред.) мұндай ереже бұзу фактілері тоқтамаған.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Николай Арсютин сауал жолдап, Қазақстанда мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты жазаны жеңілдету жөнінде бастама көтерді. Депутат Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына жолдаған сауалында қолданыстағы заңнамада көрсетілген 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру және 15 тәулікке қамау жазасы тым қатаң деп мәлімдеді.
7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру – әлемдегі ең қатаң жазалардың бірі, бірақ өзге жағдайларды есепке алмайды. Мысалы, жол апатының тіркелмеуі, алкогольдің аз мөлшерде анықталуы. Ең бастысы, мұндай қатал жаза тағайындауға медициналық қорытынды себеп болады, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл жазаның кесірінен курьерлер, такси жүргізушілері жұмыссыз қалып, отбасын асырай алмай жатыр. Сондықтан қатаң жаза такси мен жеткізу қызметінен нәпақасын тауып жүрген жарты миллионға жуық адамның мәселесіне айналғанын айтады.
«Аталған бап енгізілгелі 200 мыңнан аса адам жауапқа тартылды. 2022-2024 жылдары тіркелген жол апатының саны 62 317, соның ішінде алкогольді ішімдік ішіп апат жасағандар саны 1 266. Германия, Франция, АҚШ пен Ресейде жазаның жеңілірек түрі қарастырылған. Осы тұста ішкі іштер министрлігіне келесі сұрақ туындайды: мұндай қатаң шара қабылдауға негіз бар ма? Бәлкім, куәландырудың нақты ережесін жасайтын уақыт келген шығар. Сонда әр адам зертхана таңдау құқығына ие болып, қайта тексерілуге мүмкіндік алар еді», – деді Арсютин.
Сенат депутаты Марат Қожаев мас көлік жүргізушілеріне қатысты жазаны жеңілдету жайлы ұсынысты талқылауға дайын екенін айтты.
Кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары болған Марат Қожаев бүгінде қоғам да, ереже бұзуды тіркейтін жүйе де өзгергенін айтты. Сондықтан ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары да жақсарған деген уәж келтірді.
«Есімде, ол кезде құқық қорғау органында істейтін едім. Алдымен мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен 1 жылға, кейін 2 екі жылға айыратын болды. Меніңше, кейін бұл жаза қатаңдай түсіп, бес жылға дейінге өзгерді. Сосын 7 жылға айырып, 15 тәулікке қамау туралы шешім қабылданды. Бұл шара жайдан-жай қабылданған жоқ. Ереже бұзу тоқтаған жоқ, адамдар мас күйде рөлге отырып, ірі жол апаттарын жасайтын. Адамдардың денсаулығына, мүлкіне зиян келді. Сондықтан осындай жағдайға жетіп отырмыз», – деді сенатор.
Сенатор жаза қатаң болғандықтан, куәлігінен айырылған жүргізушілер отбасын асырау мүмкіндігінен қағылып отырғанын мойындады.
«Осы тұста мынандай сұрақ туындайды: 7 жыл деген тым ұзақ емес пе? Олар өтініш білдіріп, арыз жазады. Маған да бірнеше өтініш түскен. «Біз жазамызды өтедік қой. 15 тәулікке қамалдық. Кінәмізді түсіндік» дейді. Сондықтан жазасын жеңілдетуді сұрайды. Бұл жаза жағдай ушығып тұрғанда қабылданған. Негізгі себеп адамдар отбасын асырау мүмкіндігінен қағылмауы керек. Сондықтан мәжілістегі әріптестеріміз бұл сұрақ бойынша жұмыс істеп жатқан шығар. Сенатқа түссе, біз де талқылауға дайынбыз», – деп қосты Қожаев.