Nissan қаржылық жағдайына байланысты Honda-ның еншілес компаниясы болуы мүмкін

Жоспар бойынша, биыл қаңтарда Honda мен Nissan компаниялары бірігу туралы толық ақпарат беруге тиіс еді. Бірақ қос тараптан да әлі ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Kyodo басылымының хабарлауынша, мәлімдемені жариялау бірнеше аптаға шегерілген, өйткені екі компания әлі келісімге келе алмай жатыр-мыс. NHK мәліметінше, Honda тарапы Nissan акцияларының бір бөлігін сатып алуды ұсынған, бұнымен ол еншілес компанияға айналады.
Екі басылымның дереккөздері Honda басшылары Nissan компаниясының қазіргі қаржылық жағдайына қанағаттанбай отыр екен. Өйткені компания пайдасының көп бөлігін жоғалтқан. Холдинг болып бірігуден бұрын серіктестердің бірі жағдайды түзетпесе де, кем дегенде тиімді қайта құрылымдау жоспарын ұсынуы қажет. Nissan қызметкерлерін жұмыстан шығарып, өндіріс көлемін азайтатынын жариялады, бірақ Honda үшін бұл шаралар жеткіліксіз сияқты.
Honda болашақ серіктесінің акцияларын сатып алуға ниет білдірді, өйткені бұл шешім қабылдау процесіне әсер етуге мүмкіндік береді. Инсайдерлердің мәліметінше, Honda басшылары тікелей басқару арқылы процесті жылдамдатуды жөн көреді. Nissan бұл ұсынысты қолдаған жоқ, себебі ол холдинг аясында тең құқылы серіктес болуды көздейді және қайтадан біреудің еншілес компаниясына айналғысы келмейді. Қазір Nissan акцияларының едәуір бөлігі Renault Group-қа тиесілі.
Бұл бірігу жобасына Mitsubishi де қосылмақшы болған. Бренд ақпанның басында холдингтегі рөлі туралы айтуы керек еді, бірақ әлі жауап бермеді. Бейресми ақпаратқа сәйкес, Mitsubishi тәуелсіздігін сақтап қалуды жөн көріп, Honda және Nissan-мен ынтымақтастықты нығайтудың басқа жолдарын қарастырып жатыр.