Toyota бесінші жыл қатарынан ең үздік автоконцерн атанды

2024 жылдың қорытындысы бойынша Toyota әлемде ең көп автомобиль сатқан компания атанды. Бұл автоөндіруші жариялаған ресми статистикадан белгілі болды. Toyota 2023 жылмен салыстырғанда сауда көлемін арттыра алмады, бірақ бәсекелестерінің де көрсеткіші төмен.
Былтыр концерн (Daihatsu және Hino-ны қосқанда) 10,82 млн машина сатты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,7% аз. Ішкі нарықта саудасы қатты құлдырап, 20% түсті. Toyota және Lexus 10,16 млн көліктің (1,4% азайған) кілтін тапсырды, Daihatsu 536,5 мың автомобиль өткізіп, көрсеткіші 32% төмендеді.
Toyota мен Lexus Жапониядан бөлек, Қытай (7 %), Оңтүстік Африка (10 %) және Ресейде танымалдығын жоғалтты. Компания 2022 жылы Ресейден кеткеніне қарамастан, жаңа көлік сатуын жалғастырды, бірақ қарқыны күрт төмендеді: 2022 жылы — 22 мың, 2023 жылы — 435, былтыр бар болғаны 20 автомобиль иесін тапқан. Бұл қоймада қалған машиналар болуы мүмкін.
Сатылған көліктердің 4,5 миллионнан астамы электрлі болды. Оған әртүрлі гибрид, электрокар және сутекті модельдер кіреді. Соңғысының саудасы 55% түссе, электромобильге сұраныс 34,5% артты. Дегенмен көрсеткіші әлем бойынша 140 мың данадан аспады.
Toyota жаһандық автонарықта көшбасшы екенін тағы дәлелдеді. Екінші орындағы VW Group 9 млн көлік жөнелткен (-2.3%). Ал үшінші сатыға жайғасқан Hyundai-Kia альянсы шамамен 7,5 млн автомобиль өткізген.