Қызылорда-Арал автожолы ақылы болады

2025 жылдың 26 қаңтарынан бастап «Қызылорда-Арал» жолы ақылы болады. Бұл туралы «Қазавтожол» ҰК баспасөз қызметі хабарлады.
Көлік министрлігінің бұйрығына сәйкес, Қызылорда мен Арал қалаларын байланыстыратын автожол автобус пен жүк көліктері үшін ақылы болады. Дәлірек айтқанда, ІІ техникалық санаттағы ұзындығы 454 шақырым жол учаскесі ақы алу жүйесіне 2025 жылғы 26 қаңтардан бастап іске қосылады.
Республикалық маңызы бар «РФ шекарасы (Самара) — Шымкент» автожолының «Қызылорда-Арал» учаскесінде 6 бақылау арка және клиенттермен жұмыс істейтін орталық бар. Аркаларда орнатылған камералар ақылы учаскелерде автомобильдердің қозғалысын, олардың жылдамдығы мен қарқынын, жолдағы жағдайды және т. б. тіркейді.
Автожолда төлем бекеттері болмайды, оның орнына ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Шлагбаумдар мен өткізу пункттері қойылмағандықтан кептелістер болмайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, сапар уақытын қысқартады.
Төлем қолма-қол ақшасыз жасалады. Төлем жасаудың 10-ға жуық әдісі бар: интернет-банкинг, төлем терминалы мен электрондық әмиян, ұялы телефон балансынан, Е100 жанармай картасы арқылы, және заңды тұлғалармен келісім шарт жасау.
«Қазавтожол» алдын-ала төлем әлдеқайда арзанға түсетіндіктен, төлемді уақытылы жасауға кеңес берді.
Бір бағыттағы (454 шақырым) төлем мөлшері:
- 16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі көтеретін жүк автомобильдері үшін алдын-ала төлем – 2840 теңге, кейінгі төлем – 3330 теңге;
- 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейін көтеретін жүк автомобильдері үшін алдын-ала төлем – 5750 теңге, кейінгі төлем – 6740 теңге;
- 32 орыннан асатын автобустар және 10 тоннаға дейін көтеретін автопойыздар үшін алдын-ала төлем – 8570 теңге, кейінгі төлем – 10 100 теңге;
- 10 тоннадан асатын жоғары және 15 тоннаға дейін көтеретін жүк автомобильдері үшін алдын-ала төлем – 11 470 теңге, кейінгі төлем – 13 470 теңге;
- 15 тоннадан астам көтеретін жүк автомобильдері, оның ішінде тіркелгіш және ершікті тартқыштар үшін алдын-ала төлем – 14 290 теңге, кейінгі төлем – 16 830 теңге.
Жеңіл көлік иелері Қызылорда – Арал автожолын тегін пайдаланады. Жергілікті тұрғындар үшін бір айлық және бір жылдық абонементтер қарастырылған.
«Қазавтожол» баспасөз қызметі жиналған қаражат жолдың өзін күтуге жұмсалатынын айтады. Оған қоса жол қызметтері учаскені тәулік бойы патрульдейді және жол жабыны мен жарықтандырудың, жол белгілерінің ақауын жедел жөндеп отырады.
Сондай-ақ жол мен жол инфрақұрылымын қоқыстан және қардан тазартады, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйелерін енгізіп отырады.