Былтыр Қазақстанда автодилерлер рекорд орнатты: 2024 жылғы ТОП-10 модель

2023 жылы Қазақстандағы автосалондар 198 686 автомобиль сатып рекорд орнатқан. Бірақ бұл рекорд ұзаққа созылмады, былтыр дилерлер 205 111 машина сатып, жаңа биікті бағындырды.
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) берген мәліметі бойынша былтыр ресми дилерлер 205 111 жаңа автомобильдің кілтін тапсырды (+3,2%). Бұл 2023 жылдың төртінші тоқсандағы сатылымдардың қарқынды өсуімен салыстырмалы ұқсас. Желтоқсанда 25 570 көлік өткен, бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6% жоғары. Биылғы сауда – Қазақстан авторитейлі тарихындағы ең жақсы нәтиже.
«Бастапқыда сауда аз болғанымен, 2024 жылы бәсеке күшейіп, өндірушілер мен дилерлер тиімді ұсыныстарды көптеп жасады. Үкімет, Қаржы нарығын реттеу агенттігі, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары бірлесе жұмыс атқарып, бастапқы жарнаның болмауы, бөліп төлеу мүмкіндігі сияқты қаржыландыру шараларын жүзеге асырды. Сатып алушыларға жақсы жағдай жасалды. Мұның нәтижесі де көп күттірген жоқ. Автомобиль нарығы екінші жыл қатарынан рекорд жасап келеді», — дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.
2024 жылы Қазақстандағы ең танымал көліктер арасында екінші рет Hyundai (нарықтағы үлесі 21,6%) жеңімпаз атанды. Қаңтар мен желтоқсан аралығында бұл брендтің 44 218 автомобилі өтті, көбін Алматыдағы кәсіпорындар құрастырған (былтырғы нәтижемен салыстырғанда -5,4%). Екінші орын Қостанайдағы Chevrolet еншісінде (30 927 бірлік; -32,5%). Үшінші орында KIA — 23 045 өнім (-9,6%). Ал Chery бұл жолы төртінші орынға тұрақтады (14 883 бірлік; +21,7%). Бұрын жетінші қатарда тұрған қостанайлық Jac бесінші сатыға көтерілді (11 771 бірлік; +56,7%). 11 045 машинасы сатылған Toyota алтыншы орынға жайғасты (+2,7%). Жетінші орынға Haval жайғасты — дилерлер 10 983 машина сатты (+45,3%). Бұдан бөлек табысты брендтер ондығына Jetour (9 507 бірлік; +141,9%), Changan (8 510 бірлік; +39,8%) және Geely (8 252 бірлік; +126,5%) кірді.
Қазақстан автонарығында Қытай брендтерінің үлесі артып, соңғы төрт жылда 39%-ға жетті, әлі де саудасы қызып тұр. Бұл әлемдік үрдіс, қазір Қытай ең ірі автоөндірушіге айналды. Дәстүрлі қозғалтқышпен жүретін көліктерден бөлек нарықта гибрид және электромобиль бар. Ең танымал электрлі машина – Zeekr, ресми сатушылар бір жылда 809 электромобиль сатқан. Биыл BYD ресми саудасын бастады.
Жалпы нарықта сатып алушылардың брендтерге де, модельдерге де қатысты талғамы өзгергені байқалды. 2025 жылы нарық құрылымы өзгеріп, жергілікті өндіріс қарқынды дамиды деп күтіп отырмыз, себебі модельдердің ауқымы кеңейіп жатыр, дейді ҚАО президенті.
2024 жылғы ең танымал 10 модель:
- Chevrolet Cobalt (26 537);
- Hyundai Tucson (22 389);
- Kia Sportage (8 834);
- Hyundai Elantra (6 520);
- Chery Tiggo 2 (5 310);
- Haval M6 (5 185);
- Chery Tiggo 7 Pro (4 907);
- Jac J7 (4 585);
- Hyundai Santa Fe (4 423);
- Kia Sorento (4 208).