Көлікті 5 минуттан артық қыздыру: депутаттар бұрыннан бар нормаға қарсы шықты

Қазақстандықтар тұрғын үйлердің жанында, ауласында көлікті ұзақ уақыт қыздыратындарға (5 минуттан артық) салынатын айыппұлды негізсіз деп санап отыр.
Бүгін депутаттар ішкі істер министріне сауал жолдап, осы мәселені қайта қарау керектігін айтты.
Мәжілісмен Серік Ерубаев қатты аяз болған кезде машинаны жылытуға 5 минуттан көп уақыт кететінін айтып, норманы қайта қарау керектігін айтты.
«Негізсіз айыппұлдарды қолданудан ең алдымен кәсіпкерлер мен көлік жүргізушілері зардап шегетіні баршаға мәлім. Бір мысал ретінде, кең резонанс алған, тұрақта қозғалтқышы бес минуттан астам жұмыс істеп тұрғаны үшін айыппұл салу белсендігін келтіруге болады. Бұндай санкция кәсіпкерлер үшін үлкен проблема тудыруда, мысалы, тауарларды үй жанындағы дүкендерге тиеу және түсіру кезінде, әдетте, бөлінген бес минуттан көп уақытты алады, ал қозғалтқышты минус 20 градус немесе одан да көп температурада өшіру мүмкін емес. Жалпы алғанда, орталық және солтүстік аймақтарда қатты аяз болған кезде, машинаны жылытуға 5 минуттан көп уақыт кететіндігі анық», – дейді депутат.
Осылайша, Мәжіліс депутаттары аймақтардың температуралық режимі мен климатын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған қозғалтқышы бар тұрақ туралы норманы қайта қарау, және зиянды шығарындыларды азайту бойынша баламалы және неғұрлым әділ шараларды пысықтауды сұрап отыр.
Сенат депутаты Марат Қожаев (Ішкі істер министрінің экс-орынбасары) бұған дейін көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынатын айыппұл туралы норма бұрыннан барын айтқан еді.