Бағдаршам

Көлігіңіз ой-шұңқырға түсіп кетсе, шығынды қалай өндіресіз?

Егер сапасыз жол салдарынан автокөлігіңіз зақымданса не істеу керек? Көлігіңізді өзіңіз жөндетесіз бе, әлде жол сапасына жауапты тұлғалардан шығынды өндіріп аласыз ба? Осы ретте JETEK редакциясы мұндай жағдайда қайда бару керегін, қалай әрекет ету керегін және бүлінген көлік үшін шығынды кімнен өндіріп алу қажеттігін анықтады.

Оқиға орнынан кетпеңіз, арнайы белгі қойыңыз

Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдайда алдымен оқиға орнынан кетпей, авария белгісін қойып, полиция шақырту керек. ІІМ мәліметінше, ақау туралы ақпарат алғаннан кейін полиция бригадасы оқиға орнына тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін жөнелтіледі. Полиция барлығын жазып алып, видеоға түсіріп, кінәлі тұлғалардың жауапқа тартылуын қамтамасыз етуі керек. Өйткені жүргізушінің өзі кімнің кінәлі екенін білмейді. Оған әкімдік, жол қызметкерлері, тағы басқалар кінәлі болуы мүмкін.

Әрі қарай келтірілген шығын көлемін анықтау қажет, бұл барлық залалдың құнын есептеуді білдіреді. Келтірілген залалға кінәлі тұлғалар анықталғаннан кейін сотқа дейінгі реттеу рәсімі басталады. Бұл кезеңде кінәліге келтірілген зиянды ерікті түрде өтеу туралы талап-арыз жіберіледі. Егер ол ымыраға келуден және шығынды өтеуден бас тартса, іс сотқа жолданады.

Сотта жеңу ғана емес, шешімнің орындалуын қамтамасыз ету маңызды

Содан кейін сотқа арыз берсеңіз, жазатайым оқиғаға ұшырағаныңызды, полиция келгенін, шара қолданып, кінәлі адамды жауапқа тартатыны туралы дәлелдемелерді қосасыз. Яғни, немқұрайлы жұмыс салдарынан жапа шектіңіз. Келтірілген залал туралы сақтандырушының есебін бересіз. Сіз дәл осы ретпен жүрсеңіз, онда ешқандай проблема болмауы керек.

Дегенмен, сот шешімі шыққаннан кейін де, жәбірленуші тараптың пайдасына төлемді кешіктіру немесе залалды жоюдағы кедергілер сияқты қиындықтар туындауы мүмкін екенін ескерген жөн. Сарапшылар сотта жеңу ғана емес, шешімнің нақты орындалуын қамтамасыз ету де маңызды екенін ерекше атап өтеді.

Үнсіз қалмай, тиісті органдарға хабарласыңыз

Заңгерлер азаматтарға үнсіз қалмай, мәселені шешуге белсене қатысуға кеңес береді. Мәселен, жолдағы олқылықтарды жөндеуге немесе қаладағы инфрақұрылымды жақсарту бойынша қоғамдық бастамаларға атсалысуға болады. Егер әрбір қазақстандық жолдағы бір ой-шұқыр үшін жауапкершілік алып, оқиға орнына полиция шақырып, соның жөнделуіне атсалысса, көп проблемадан арылуға болады. Өйткені, ІІМ мәліметінше, жолда кедергі анықталса немесе туындаса, шара қолдануға әрбір жол қозғалысы қатысушысы тікелей міндетті.

«Жол жүрісі туралы» заңның 53-бабы, 4-тармағы, 6-тармақшасына сәйкес жол қозғалысы үшін аталған кедергіні жою, ал бұл мүмкін болмаса, заң талаптарына сәйкес осы кедергіні белгілеу, немесе жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн өзге тәсiлмен және кедергi туралы уәкiлеттi органға хабарлауға мiндетті.

Егер жол бойында жол қауіпсіздігіне қатер төндіретін немесе жол-көлік оқиғасына әкеп соғуы мүмкін ақаулар анықталса, мұндай ақаулар мен кемшіліктерді анықтаған жол қозғалысына қатысушы 102 немесе 112 телефондары арқылы полицияның жедел басқару орталығына, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының байланыс орталығына (1403) хабарласуы керек.

Кімге хабарласу қажет?

ІІМ хабарлауынша, еліміздің әрбір тұрғыны 102 мобильді қосымшасы арқылы ішкі істер органдарына кез келген фото және видеоны жібере алады, сонымен қатар жүйе арқылы үндеу жіберуге, аудио немесе видео қоңырау шалуға болады. Қоңырау шалған адамның орналасқан жері автоматты түрде анықталады, оператор не болып жатқанын көріп, шұғыл әрекет етуге кірісе алады.

Басқа материалдар

Back to top button