BYD Қазақстан нарығына қайта оралды

BYD автобренді биыл қаңтардан бастап Қазақстан нарығына қайта оралды. Бұған дейін елімізде бірнеше рет бағын сынап, 2014 жылы BYD e6 электрокарын ұсынған еді. Ендігі ретте Han және Song Plus электромобильдерін және Song Plus гибрид нұсқасын ұсынып отыр.
Ұсынылып жатқан электрокарлардың арасындағы ең арзаны — Song Plus. Оның 15.7 және 17.1 миллион теңге тұратын екі нұсқасы сатылады.
Song Plus гибридінің екі түрлі нұсқасы қолжетімді. Электрлі режимде 110 км жүре алатын кроссовердің құны 17.9 млн теңге болса, 145 км жүретін машина 18.9 млн теңге тұрады.
Топтамадағы флагман — Han седаны. Ол 22.5 млн теңге тұратын бір комплектацияда сатылады.
Бренд барлық модельге 6 жыл немесе 150 мың шақырымға кепілдік береді. Ал аккумуляторға 8 жылға дейін (150 000 км) кепілдік бар, жүріс бөлігіне кепілдік 4 жылға немесе 120 000 шақырымға қысқарған. Электромобильдер мен гибрид жергілікті жол және климат жағдайына бейімделген, орыс және қазақ тілдерінде интерфейсі бар.
Былтыр 30 жылдығын атап өткен BYD компаниясы 2003 жылы электромобиль өндіруді бастады, ал 2008 жылы алғашқы электрлі көлігін — BYD e6 моделін таныстырды. Содан бері компания әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісіне айналды және аккумуляторлар, күн панельдері мен энергия сақтау жүйелерін әзірлеу саласында да өз қызметін кеңейтті.