Бағдаршам

Көлікті 5 минуттан артық қыздыру: Марат Қожаев бұл норма бұрыннан барын айтты

Қазақстандықтар тұрғын үйлердің жанында, ауласында көлікті ұзақ уақыт қыздыратындарға (5 минуттан артық) салынатын айыппұлды негізсіз деп санап отыр. Алайда, Сенат депутаты Марат Қожаев (Ішкі істер министрінің экс-орынбасары) бұл норма бұрыннан барын айтты.

Депутаттың айтуынша, автокөлікті бес минуттан артық қыздырғандар үшін айыппұл салу туралы норма бұрыннан бері қолданыста бар және оның мақсаты – экологиялық стандартты сақтау.

Мұның барлығы біздегі экологиялық нормаларды сақтау үшін әзірленді. Бізде, әсіресе ірі қалаларда ауаның ластану деңгейі өте жоғары, – деді депутат.

Дегенмен, сенатор бұл бап бойынша жүргізушілерді әкімшілік жауапқа тарту үшін бұлтартпас дәлелдер болуы қажет екенін атап өтті.

«Бұл жағдайда, мүмкін, видеожазба, уақыттың дәл есепке алынуы сияқты дәлелдер қажет болады. Егер ондай жағдай болса, онда бұл адамдар әкімшілік жауапқа тартылады. Мұндай нормалар дамыған елдерде де қолданылады», – деп қосты сенатор.

Марат Қожаев 1984 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті. 2019 – 2024 жылдар аралығында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. Полиция генерал-лейтенанты дәрежесі бар. 2024 жылдың 4 қазанынан бастап Сенат депутаты.

Жол қозғалысы ережелерінің 88-бабы, 5-тармағына сәйкес, елді мекендерде қозғалтқышы қосулы көліктердің тұруы, егер ол тұрғындарға қолайсыздық туғызса, тыйым салынады. Яғни, жергілікті тұрғындар оталып тұрған көлікке шағымданса, көлік иесі әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

Ережені бұзғаны үшін:

  • Алғашқы кезде, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 19 660 теңге көлемінде айыппұл салынады;
  • Қайталанған жағдайда, 10 АЕК немесе 39 320 теңге айыппұл төлеу керек;
  • Айыппұл салу үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі, құқықбұзушылық жасалған уақыт пен күні көрсетілген 5 минуттан астам бейнежазба керек.

Finprom.kz ақпаратына сүйенсек, әкімшілік айыппұлдың басым бөлігін жүргізушілер төлеген. 2023 жылы айыппұлдың 62,4 пайызы (88,7 млрд) жүргізушілердің үлесіне тиесілі болған. Айыппұл көбінесе жылдамдықты арттырғаны және жол белгісі талаптарын сақтамағаны үшін салынған.

Басқа материалдар

Back to top button