Астана тұрғыны автосервис орталығынан 3 млн теңге өндіріп алды

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты тұрғынның жауапкер «G» ЖШС-нен автокөлікті қалпына келтіру құнын өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.
Шағымда жауапкер талап қоюшының автокөлігін техникалық қызмет көрсетуге қабылдағаны, автокөлік ЖШС сервис орталығының аумағында болған кезде бұршақ түріндегі жауын-шашынның шекті нормадан асуы салдарынан (аса ірі мөлшер) көлік зақымданып, материалдық шығынға әкеп соққаны уәжделген.
Жауапкер өз жауабында автокөліктің ЖШС аумағында болғанын жоққа шығармай, залал тек ауа-райы жағдайлары – шекті нормадан асып кеткен бұршақ салдарынан болғанын түсіндірді. Талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
Сот анықтағандай, автокөлік сервис орталығының ашық тұрағына қойылған, сондықтан үлкен бұршақ түріндегі жауын-шашын салдарынан бүлінген.
Жауапкер автокөлікті қолайсыз ауа-райынан тиісті қорғауды қамтамасыз етпеген, бұл міндеттемелерді тиісінше орындамағанын көрсетеді.
Жөндеу құны 2 936 000 теңгені құрады, ал талап қоюшы түпнұсқа (оригинал – ред.)бөлшектерді пайдалануды және ресми қызмет көрсету орталығында жөндеуді талап ететін кепілдік шарттарына сәйкес келтірілген шығынды өтеуді сұрады.
Азаматтық кодекстің 917-бабына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен келтiрiлген зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот талапты қанағаттандырып, жауапкерді талап қоюшыға 2 936 000 теңге материалдық шығынды, сонымен қатар сот шығындарын өтеуге міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.