«Штрафстанда» әкімшілік айыппұл төлейтіндердің дені – жүргізушілер

Қазақстанды халық «Штрафстан» деп бекер атап жүрген жоқ. Өйткені, жыл өткен сайын (АЕК мөлшері де әсер етеді) әкімшілік айыппұл көбейіп, ереже бұзғандардың есебінен мемлекет қазынасы толып жатыр.
Qamqor.kz дерегі бойынша, 2021 жылы мемлекет қоржынына айыппұл есебінен 79 млрд теңге түскен. 2022 жылы – 111 млрд теңге, 2023 жылы – 142 млр теңге, ал 2024 жылдың 11 айында азаматтарға 217 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған.
Finprom.kz ақпаратына сүйенсек, әкімшілік айыппұлдың басым бөлігін жүргізушілер төлеген. 2023 жылы айыппұлдың 62,4 пайызы (88,7 млрд) жүргізушілердің үлесіне тиесілі болған. Айыппұл көбінесе жылдамдықты арттырғаны және жол белгісі талаптарын сақтамағаны үшін салынған.
Қазақстан бюджетіне айыппұл есебінен 2025 жылы да көп қаражат түсуі мүмкін. Біріншіден, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3932 теңге болды. Жол ережесін бұзған көлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл көлемі осы АЕК мөлшеріне тікелей байланысты. Сондықтан қаңтардан бастап айыппұл мөлшері де өседі.
Екіншіден, жүргізушілерге қатысты талап та күшейіп, тиісінше әкімшілік жауапкершілік те көбейе түсті.
Дәл қазір қазақстандықтар тұрғын үйлердің жанында, ауласында көлікті ұзақ уақыт қыздыратындарға (5 минуттан артық) салынатын айыппұлды негізсіз деп санап отыр.
Көлікті қыздыру немесе қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты ұсақ әрекеттер елеусіз болып көрінгенімен, оған салынатын айыппұл қалтаңызды қағуы мүмкін.
Ұзақ уақыт көлікті қыздыру жанармай шығындап қана қоймай, атмосфераға зиянды заттардың, соның ішінде көміртек тотығының бөлінуіне әкеледі екен.
Осыған байланысты, Қазақстанда тұрғын үйлердің жанында жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен көлікті 5 минуттан артық тоқтатып қоюға тыйым салынған.
Жол қозғалысы ережелерінің 88-бабы, 5-тармағына сәйкес, елді мекендерде қозғалтқышы қосулы көліктердің тұруы, егер ол тұрғындарға қолайсыздық туғызса, тыйым салынады. Яғни, жергілікті тұрғындар оталып тұрған көлікке шағымданса, көлік иесі әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.
Ережені бұзғаны үшін:
- Алғашқы кезде, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 19 660 теңге көлемінде айыппұл салынады;
- Қайталанған жағдайда, 10 АЕК немесе 39 320 теңге айыппұл төлеу керек;
- Айыппұл салу үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі, құқықбұзушылық жасалған уақыт пен күні көрсетілген 5 минуттан астам бейнежазба керек.
Жол қозғалысы ережелерінің 2-бөлімінің 9-тармағына сәйкес, көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тағуға міндетті, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады.
Бұл талапты орындамаған жағдайда 5 АЕК көлемінде айыппұл (19 660 теңге) қаралған.