Борандағы жаппай жол апаты: кінәлі анықталмаса, каско полисі жоқтар көлігін өзі жөндетеді

3 қаңтарда Астана-Щучинск трассасында 95 көлік соқтығысып қалды. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаменті мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады. Жол оқиғасына боран себеп болған.
Ресми органдардың мәліметі бойынша, жүргізушілер жылдамдықты және ара қашықтықты сақтамаған.
«Евразия» сақтандыру компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астана-Щучинск трассасында зардап шеккен жүргізушілер каско немесе міндетті автосақтандыру аясында (КҚИ АҚЖМС) төлем ала алады. Бүгінде каско аясында төлем алу үшін «Евразия» сақтандыру компаниясына жаппай жол апатынан зардап шеккен үш көлік иесі жүгінді.
Каско аясында зардап шеккен көлік құралының жүргізушісі апатқа кінәлі болғанына қарамастан, тіпті егер кейін кінәсі болмаса да сақтандыру төлемін ала алады.
«Міндетті автосақтандыру аясында кінәлі тұлғаның сақтандыру компаниясы зардап шеккендер алдында заңда белгіленген лимит шегінде 2000 АЕК немесе 7,864 млн теңге мөлшерінде жауапкершілікті көтереді. Бұл сома кінәлі жүргізушінің әрекеті нәтижесінде барлық зардап шеккендерге бөлінеді және іс жүзінде келтірілген залалдың аз бөлігін де жаба алмайды. Қалған соманы зардап шеккендер кінәлі тұлғадан сот тәртібімен өндіре алады. Бұл ретте зардап шеккендердің саны мен қаржылық талаптардың көлемін ескере отырып жеке тұлғадан барлық соманы өндіріп алу екіталай», — деп хабарлады «Евразия» СК баспасөз қызметі.
Қазір полиция алдында Астана-Щучинск трассасындағы жаппай жол апатына кінәлі жүргізушілерді анықтау міндеті тұр. Егер кінәлі тұлға анықталмаса, каско полисі жоқ жүргізушілер автокөлігін өз қаражаты есебінен қалпына келтіруге мәжбүр болады.
«Сонымен қатар, жол қозғалысы туралы заңнамаға сәйкес жолдарды күтіп ұстауға жауапты ұйым олардың қауіпсіздігін, соның ішінде көктайғаққа қарсы шараларды қамтамасыз етуге міндетті. Егер ұйым салдары жол-көлік оқиғасына әкелген жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамағаны анықталса, зардап шеккен автомобильдердің иелері ұжымдық талап қоя алады. Алайда, каско сақтандыру төлемінен айырмашылығы, сот процестері зардап шеккендерден заңгерлік қызметтерге көп уақыт пен қомақты қаражатты талап етеді», — деп хабарлады «Евразия» СК баспасөз қызметі.