Боранды күні жолға шыққан жүргізушілерге қандай жаза бар?

3 қаңтарда Астана-Щучинск трассасында 95 көлік соқтығысып қалды. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаменті мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады. Жол оқиғасына боран себеп болған.
Ресми органдардың мәліметі бойынша, жүргізушілер жылдамдықты және ара қашықтықты сақтамаған.
Одан бөлек, жүргізушілер мемлекеттік органдардың ескертуін елемеген.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 2024 жылдың қараша айында өткен брифинг барысында боран салдарынан шектеу енгізілгеніне қарамастан жолға шыққан азаматтарға қандай жауапкершілік барын айтты.
Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, боран немесе басқа да күн райының қолайсыздығына байланысты жабылған жолға шығу заңға бағынбау ретінде қарастырылады. Мұндай әрекет үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы аясында шара қолданылады.
Бұл бап бойынша әкімшілік жаза жол жабылғанын біле тұра, блокбекетті айналып өтуге немесе жабық аумақтарға кіруге тырысқандарға қолданылады.
Ал, жолдың жабық екенін білмегендерге (мысалы, ақпарат болмағандықтан) айыппұл салынбайды, бірақ жауапкершілік туралы ескертіледі.
Әкімшілік кодекстің 667-бабы (Құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, заңды қызметіне кедергі жасау) бойынша жауапқа тарту шектен шыққан жағдайда ғана, мысалы жолды жапқанда құзырлы органдармен төбеселіп, жолға шығып кеткендерге қолданылады. Содан кейін осы талаптарды бұзғаны үшін деп 667-баппен іс қозғалады. Бұл бапты қарау соттың құзыретінде болады, яғни айыпты 15 тәулікке қамауға алынады, немесе 30 АЕК айыппұл төлейді.
Еске салайық, еліміздегі республикалық және халықаралық маңызы бар жолдар «Қазавтожол» компаниясына қарайды. Оның қарамағында 107 республикалық маңызы бар жол бар, 17 ақылы учаске бар.