Қазақстанда газбен жүретін көліктерге қандай шектеулер бар?

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда газбен жүретін 600 мыңға жуық көлік бар. Газбен жабдықталған көлік қарасы жыл сайын көбейіп келеді.
2019 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстанда газбен жүретін жеңіл транспорт түрлеріне жабық тұраққа кіруге тыйым салынды. Өйткені, елімізде мұндай автомобильдердің өртке орану жағдайы азаймай отыр.
Заң талаптары бұзылған жағдайда, көлік иелері әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабы («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе сақтамау») бойынша 5-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл салады.
Әлемдік тәжірибеде газбен жүретін автокөліктерге паркингтерге кіруге тыйым салынады. Бірақ рұқсат етілетін автотұрақтар да бар.
Одан бөлек, 2024 жылдың қаңтарынан бастап Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығымен ҚазСтандарт әзірлеген «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары» ұлттық стандартына өзгерту енгізілді.
Ережеге сәйкес, Қазақстанда газ баллон жабдығы бар көліктерге арнайы белгі жапсыру қажет.
Арнайы белгі – жиегі қара түсті және «GAS» деген жазбасы бар сары теңбүйірлі үшбұрыш.
«Өкінішке қарай, кейде газ жабдығы орнатылған көлік біздің азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру және мұндай тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді», — деп түсіндірді техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Арнайы белгі жабық паркингке кірген кезде көліктерді оңай ажыратуға және тиімді бақылауға көмектеседі.
Газбен жүретін, бірақ көлігінде «GAS» белгісі жоқ жүргізушілерге 3 АЕК айыппұл салынады.